Сенат халықаралық келісімдер топтамасын ратификациялады
Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар күн тәртібіне шығарылған халықаралық келісімдерді ратификациялады.
Палата отырысында сенаторлар «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерде радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарады. Бұл құжат трансшекаралық радиоактивті материалдарды тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне жәрдемдесуге және процесс кезінде негізсіз кідірістерді болдырмауға бағытталған. Сондай-ақ келісім ядролық және радиациялық қауіпсіздікті арттыруды және физикалық қорғауды қамтамасыз ету қағидаттарын ескере отырып, радиоактивті материалдарды тасымалдауға қойылатын ұлттық талаптарды оңтайландыруды көздейді.
«Қаралған келісім ТМД елдері арасында бейбіт мақсатта пайдаланылатын радиоактивті материалдардың тасымалдану мәселелерін реттеу үшін жасалған. Құжатта тасымалдау кезінде халықты және қоршаған ортаны зиянды әсерден қорғауға бағытталған шаралар қарастырылып отыр. Сондай-ақ апаттық жағдайлардың алдын алу мәселелері де реттелген. Жалпы, заң ТМД мемлекеттері арасында осы саладағы ынтымақтастықты нығайтуға өз үлесін қосады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдауды жүзеге асыру үшін осы мемлекеттердің заңнамаларына сәйкес экспорт мемлекетінің, транзит мемлекетінің және межелі мемлекеттің уәкілетті органдары беретін рұқсат құжаттары болуға тиіс екенін атап өткен жөн.
Сонымен қатар Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы қылмыскерлікке қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарады. Талқылау кезінде аталып өткендей, келісімді ратификациялау екі елдің құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді және өңірлік қауіпсіздікті, тұтастай алғанда, екіжақты қатынастарды нығайтуға ықпал етеді.
«Бұл заң елдеріміздің қылмысқа қарсы бірлескен шараларын жүзеге асыру үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Келісім аясында өзара іс-қимылдың нақты бағыттары анықталды. Олардың қатарында ұйымдасқан қылмыс, терроризм мен экстремизм, есірткінің айналымы, заңсыз көші-қон мен адам саудасына қарсы күрес мәселелері бар. Сондай-ақ өзге де маңызды бағыттар бойынша уәкілетті органдар арасындағы серіктестікті тереңдету тетіктері қарастырылған. Алдағы уақытта заң аталған маңызды бағыттар бойынша Қазақстан мен Түрікменстанның ынтымақтастығын нығайтуға өз үлесін қосады деп сенеміз», – деді Сенат Төрағасы.
Келісім жедел және криминалистикалық ақпарат алмасуды, мамандардың өзара іс-қимылын және олардың тәжірибе алмасу үшін өзара бағытын, қылмысқа қарсы күрес мәселелері бойынша құзыретті органдардың сұрау салуларын орындауды көздейді. Сондай-ақ екі Тараптың уәкілетті органдарының тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мақсатымен кадрларды оқыту мен олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыруға қатысты нормалар бар. Заңда алынған ақпаратты жария етпеу туралы ережелер және басқа да ерекше шарттар белгіленген.
Айта кетейік, Қазақстан қазірге дейін Болгария, Мажарстан, Италия, Қытай, Сауд Арабиясы, Түркия, Өзбекстан, Франция, БАӘ және басқа да мемлекеттерді қоса алғанда, жиырмадан астам елмен осындай келісім жасасқан.