Cемей-3°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
524.32 609.05 6.52

Мәжіліс депутаттары Ташкентте Орталық Азия елдерінің көшбасшы әйелдер диалогының отырысына қатысты

Бүгін, 12:46 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжілістің вице-спикері Дания Еспаева мен депутат Нұргүл Тау Орталық Азия елдерінің көшбасшы әйелдер диалогының отырысына қатысты. Іс-шара Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының спикері Танзила Нарбаеваның төрағалығымен өтті.

Осымен бесінші жыл Орталық Азия елдерінің көшбасшы әйелдері бір алаңға жиналды. Биылғы басқосу Бейжің декларациясы мен 30 жыл толатын іс-қимыл платформасының мақсаттарын іске асыру үшін өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға арналды. Бұл құжаттарда әйелдердің саясат пен экономикаға араласуынан бастап, білімге, денсаулық сақтауға тең қол жеткізуіне және гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күреске дейінгі 12 бағыт қамтылған.

Жиынның ашылуында сөйлеген сөзінде Мәжіліс вице-спикері Дания Еспаева Орталық Азия әйелдері арасындағы әріптестікті нығайтудың, сондай-ақ білім беру, кәсіпкерлік, әлеуметтік қолдау салаларындағы табысты тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті. Ол өңірлік бастамалар елдеріміздің ортақ құндылықтары мен әлеуетін көрсететін нақты өзгерістердің қозғаушы күші бола алатынын атап өтті.

– Жаһандық тәсілдердің өзіндік аясы бар, ал өңірлік байланыс оған жан бітіріп, жаңаша серпін береді. Біздің мемлекеттеріміздің ортақ мәдени коды мен ортақ тарихы бар. Менің ойымша, кейбір бағыт бойынша бірлесіп жұмыс істей аламыз. Қазірдің өзінде «TechnoWomen» жобасының тәжірибесі бойынша жалпы өңірлік білім беру бағдарламаларына бастама жасай аламыз. Климаттық күн тәртібін, креативтік индустрияны дамытуды мысалға келтіруге болады. Зорлық-зомбылыққа қарсы аймақтық қолдау желісін құру арқылы біздің кез-келген еліміздегі зардап шеккен әйелге көмек көрсетуге мүмкіндік бар. Сол сияқты, әйелдердің кәсіпкерлік кооперациясымен жұмыс істеу керек шығар. Нәзік жандар қолөнердің ерекше машығын меңгерген, оларды дизайн жетістіктеріне айналдыра алады. Әйелдердің авторлық тауарларының бірыңғай платформасын да құруға болады. Осылайша, біз бүкіл әлемге Орталық Азияның төл шығармашылығын көрсетеміз, – деді Мәжіліс вице-спикері.

Отырыс аясында Дания Еспаева Олий Мәжіліс Сенатының төрағасы Танзила Нарбаевамен екіжақты кездесу өткізді.

Диалог іс-шараларына Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан парламенттері мен делегацияларының өкілдері қатысты. Жиын бес сессия форматында ұйымдастырылып, әрқайсысы жеке бағытқа арналды.

Отырыс қорытындысы бойынша парламентаралық өзара іс-қимыл бағыттарын айқындайтын қорытынды құжат қабылданды. Сондай-ақ Орталық Азия елдері арасында жыл сайынғы мониторинг пен тәжірибе алмасу жүйесі қарастырылған өңірлік ынтымақтастықтың «жол картасы» бекітілді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив