Озық ойлы жастар бас қосатын алаң: «AMANAT» партиясының кубогіне арналған дәстүрлі дода басталды
Астанада «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты мен «Qazaq Debate» қозғалысы бірлесіп ұйымдастырып жатқан «AMANAT CUP» XXIII республикалық пікірсайыс турнирі басталды. «AMANAT» партиясының кубогіне арналған дәстүрлі сайыспен қатар, биыл ағылшын тілінде «MODEL OIC» ойындары да өткізілуде.
Биыл сайысқа 150-ге жуық өтінім келіп түсіп, нәтижесінде 60 үздік команда ақтық кезеңге жолдама алды. Осылайша, турнирге еліміздегі 17 облыс пен 3 қаладан 120-дан астам үздік спикер жиналды. Қатысушылар – 18 бен 35 жас аралығында.
Сөз басында «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек ел Президенті қолға алған ауқымды жұмыстың бәрі жастардың жарқын болашағы үшін жасалып жатқанын ерекше атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ойы ұшқыр, көкірегі ояу, көзі ашық жастар – біздің келешегіміз екенін әркез айтып келеді. Осы орайда, «AMANAT CUP» турнирі – озық ойлы жастар бас қосатын, дәлелді сөз бен дәйекті ой айтылатын алаңға айналды. «AMANAT» партиясы пікірсайыс қозғалысын әрдайым қолдайды. Бүгінгі турнирге еліміздің 20 өңірінен келген үздіктер жиналды. Бұл – пікірсайыс қозғалысының ауқымы кеңейіп, әр өңірде қызығушылық арта түскенін көрсетеді. Сіздер екі күн бойы сөз бәйгесі – ой додасына қатысып қана қоймайсыздар, сонымен қатар талдау қабілеттеріңізді жетілдіріп, азаматтық ұстанымдарыңызды бекіте түсесіздер. Ұтқыр ой, сүбелі сөз айтудың қыр-сырын меңгересіздер. Бүгінде бұл дағдылар тек пікірсайысшыларға ғана емес, әрбір адам үшін маңызы арта түсті», – деді ол.
Жыл өткен сайын турнирдің ауқымы кеңейіп келеді. Мәселен, биыл турнир бағдарламасына алғаш рет Студенттік лига енгізілді. Студенттік лига – жоғары лигаға қатысуға өтініш білдірген, алайда іріктеу кезеңінен өте алмаған бакалавриат деңгейіндегі студенттерге арналған қосымша мүмкіндік алаңы. Аталған лигаға қатысушылар тәжірибе жинап, шеберлік шыңдайды. Сондай-ақ ол жаңа ойыншылардың әлеуетін ашуға және жастардың зияткерлік тұрғыда дамуына жағдай жасау мақсатында өткізіледі.
Биыл пікірсайыспен қатар «Model OIC» симуляциялық ойыны ұйымдастырылуда. Бұл – «Жастар Рухы» жастар қанаты мен Ислам Ынтымақтастық Ұйымы Жастар форумының Еуразия аймақтық орталығымен (ICYF-ERC) серіктестігі аясында өтіп жатқан халықаралық форматтағы білім беру алаңы. Ойын ИЫҰ-ға мүше елдер арасындағы ынтымақтастықты дамыту, жастардың құқығы мен мүмкіндігін кеңейту бағытында ұйымдастырылады. Оған Астана қаласындағы жоғары оқу орын студенттері мен жоғары сынып оқушылары қатысуда. Ойынға 100-ге жуық өтінім келіп түсіп, 60 қатысушы іріктелді. Олар 4 комитетке бөлінді.
Айта кетейік, ойы жүйрік, сөзі өтімді жастарды бір алаңда топтастырған интеллектуалды «AMANAT CUP» XXIII республикалық пікірсайыс турнирі екі күнге жалғасады. Ал жүлде қоры – 3 000 000 теңге.