Абай облысында қаржыгерлерге құрмет көрсетілді
Семейде Ұлттық валюта – теңге күні мен қаржыгерлердің кәсіби мерекесіне орай саланың үздіктері марапатталды. Облыс әкімі Берік Уәли қаржы саласында көп жылдық адал еңбегімен және жоғары кәсібилігімен дараланған азаматтарды құттықтап, құрмет көрсетті.
Шара барысында Жаңасемей ауданының экономика және қаржы бөлімінің басшысы Айсұлу Ахметжанова Қаржы министрлігінің «Қаржы қызметінің үздігі», облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Ақбота Тұңғышханқызы мен осы басқарманың бөлім басшысы Әсем Жұматова Ұлттық экономика министрлігінің
«Экономика саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Облыстық қаржы басқармасының бөлім басшысы Лаура Жұманова
Қаржы министрлігінің Алғыс хатына, Абай облысы бойынша қазынашылық департаментінің зейнеткері Саят Ақмолдин мен "Отбасы банкінің" облыстық филиалының директоры Равиль Сәбитов, тағы да басқа азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Абай облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері оң қарқынмен сақталды. Мемлекеттік бюджетке облыстан 441,4 млрд теңге салық пен міндетті төлемдер түсті. Оның ішінде республикалық бюджетке – 316,7 млрд, жергілікті бюджетке – 124,7 млрд теңге. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 137,3% өсім.










