Cемей-3°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
516.86 598.68 6.58

Қазақстандағы жаңа идеологиялық бағдар және әйелдердің қоғамдағы рөлі

25-10-2025, 17:04 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгінде қазақстандық қоғамның даму жолы айқындалып, елдің алға қарай бағыт алған стратегиялық бағдарлары нақты белгіленіп отыр. Мемлекет басшысы Қазақстанның жаңа идеологиялық тұғырын ұсынды. Бұл тұғыр ұзақ мерзімді ұлттық мақсаттарға негізделген және қоғамның барлық саласын жаңғыртуға бағытталған. Оның ішінде «Заң мен Тәртіп», «Таза Қазақстан», «Адал Азамат» сияқты бастамалар елдің өркениетті дамуын қамтамасыз ететін негізгі тіректер ретінде қабылданды.

Осы бастамалардың жүзеге асуында қоғамдағы көшбасшы әйелдердің, ұрпақ тәрбиелей отырып құндылықтарды ұлт санасына сіңіретін аналардың рөлі ерекше. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева өз сөзінде ерекше атап өтті.

«Бізге – көшбасшы әйелдерге, құндылықтарды сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін аналарға – үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Жас ұрпаққа ішкі мәдениет пен заңға бағынуды, дамуға ұмтылуды, еңбекқор және жауапты азамат болуды үйрету – біздің басты міндетіміз. Сонымен қатар ұлттық мәдениет пен дәстүрді қадірлеуді, табиғатты аялауды, адами қадір-қасиетті қастерлеуді, қоғамдағы бірлік пен толеранттылықты дәріптеу – әйелдердің, аналардың айрықша миссиясы», – деді Аида Балаева.

Ұлттық комиссия төрағасының айтуынша, Қазақстан әйел құқықтарын қорғау көрсеткіштері бойынша әлемнің бірқатар елінен озып келеді. Елде гендерлік теңдікті дамыту бағытында ауқымды шаралар атқарылуда. Дегенмен, әйелдер кәсіпкерлігі, мүмкіндіктер теңдігі, кәсіби өсу және гендерлік саясаттың кей аспектілері әлі де өзекті болып отыр.

Бүгінде Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында маңызды реформалар жасалып, прогрессивті заңдар қабылданды. Заңнамалық деңгейде харассмент үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылып, бұл әрекет енді жазадан тыс қалмайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты шаралар да күшейтіліп, қоғамда мұндай іс-әрекеттерге төзімсіздік қалыптасты. Бұл құбылыстар енді тек құқықтық емес, сонымен бірге моральдық-әлеуметтік тұрғыда да ұят саналатын әрекеттер ретінде қабылданады.

Сондай-ақ ұлттық дәстүрдің атын жамылып жасалатын «қалыңдық ұрлау» әрекеті де заң алдында ауыр қылмыс ретінде қарастырылды. Бұндай қылмыс үшін он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Бұл – әйелдердің ар-намысын, таңдау еркіндігін, адамдық құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды қадам.

Осылайша, мемлекет деңгейінде қолға алынған бастамалар мен заңнамалық өзгерістер әйелдердің құқықтарын қорғауды күшейтіп қана қоймай, қоғамдағы мәдени және құқықтық нормаларды жаңа сапаға көтеріп отыр. Ал бұл өзгерістердің тиімді жүзеге асуы, ең алдымен, қоғамның белсенді және парасатты топтары – аналар мен көшбасшы әйелдердің қолдауына, олардың тәрбиелік және рухани миссиясына байланысты.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив