Облыс әкімі жазушы Роллан Сейсенбаевпен кездесті
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли белгілі жазушы, драматург, аудармашы, баспагер Роллан Сейсенбаевпен кездесті.
Кездесу барысында өңірдің тарихы мен мәдениетіне, әдебиеті мен руханиятына қатысты мәселелер талқыланды. Жазушы Абайдың 180 жылдығы жоғары деңгейде мазмұнды шаралармен, елге пайдалы істермен аталып өткенін жеткізіп, ақын мұрасын кеңінен насихаттауға байланысты ойларын ортаға салды.
Аймақ басшысы қаламгерге өңірдің мәдениет саласында атқарылған жұмыстар туралы айтты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сай тұңғыш рет 10 күндік ретінде аталып өткен Абайдың 180 жылдығы аясында түрлі мәдени-рухани, танымдық, интеллектуалдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Мерейтой шеңберінде Абай ауданында да инфрақұрылымдық жұмыстар қолға алынды. Семей-Қарауыл және Семей-Қайнар бағытындағы жолдарда орташа жөндеу жүргізілді. Бөрілі ауылы мен Жидебайға антенналық діңгектер орнатылып, Абай ауданы 100 пайыз интернетпен қамтылды. Жуырда облыс әкімдігінің атсалысуымен Рим қаласының Вилла Грациоли саябағында ұлы ойшылдың мүсіні (бюсті) орнатылды.
Облыс әкімі кездесуде айтылған ұсыныс-пікірлердің маңызын атап өтіп, жұмыс барысында назарға алынатынын айтты.



