Cемей-3°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
518.66 597.44 6.56

Сенаторлар республикалық бюджет туралы заңды қарау барысында өңірлерді дамытуға қосымша қаражат бөлді

20-11-2025, 13:10 Думан Кенжеғазыұлы

Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда күн тәртібіне шығарылған заңдар қаралды. Отырысқа Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов, Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов, Ұлттық Банк Төрағасы Тимур Сүлейменов, Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың өкілдері қатысты.

Палата отырысында сенаторлар еліміздің маңызды қаржы құжаттары – «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026 – 2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» және «2026 – 2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңдарды қарады. Құжаттардың негізгі міндеттерінің бірі – әртүрлі экономикалық әлеуеті бар өңірлердің қаржылық мүмкіндіктері арасындағы теңсіздікті жою. Бұл азаматтардың тұрғылықты аймағына қарамастан мемлекет кепілдік берген қызметтердің тең деңгейіне қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

Мәулен Әшімбаев атап өткендей Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында және Қазақстан Республикасының жаңа Бюджет кодексіне сәйкес әзірленген үш жылдық бюджеттің басым міндеті мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін толық орындау, ғылымды, білім беруді, медицинаны қолдауды арттыру арқылы адам капиталын дамыту болып қала береді.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен келесі жылы республикалық бюджеттің әлеуметтік саладағы шығыстары биылмен салыстырғанда 298 миллиард теңгеге ұлғаяды. Бұл қаражат әлеуметтік төлемдерді арттыруға, денсаулық сақтау жүйесін, сондай-ақ, ғылым мен жоғары білім беруді дамытуға бағытталады. Экономиканың нақты секторын, көлік, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салаларын қолдауға қомақты қаржы бөлінді. Субвенциялар мен нысаналы трансферттерді қоса алғанда, жергілікті бюджеттерге берілетін қаражаттың жалпы сомасы 10,5 пайызға немесе 531 миллиард теңгеге өсіп, 5,5 триллион теңгені құрайды», – деді Палата Спикері.

Заңда көрсетілгендей, үш жылдық кезеңде бюджет шығыстарындағы ең үлкен үлес әлеуметтік салаға тиесілі болып отыр. Оның жалпы сомасы – 33,8 триллион теңгеге тең: 2026 жылы 10,7 триллион теңге, 2027 жылы 11,0 триллион теңге және 2028 жылы 11,5 триллион теңге. Атап айтқанда, 2026 жылы әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік көмекке 6 833,0 миллиард теңге, ал, адам капиталына инвестицияларға – білім, ғылым, жоғары білім, денсаулық сақтау, туризм, спорт, мәдениет және ақпарат салаларын қоса алғанда, 3 964,0 миллиард теңге қарастырылған.

Отырыста қаражат бюджеттік саясаттың ықтимал тәуекелдерін ескеріп және ағымдағы шындыққа бейімделе отырып, экономикалық модель құру арқылы азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталатыны айтылды. Осылайша, болжамды кезеңде ауыл шаруашылығындағы орташа жылдық өсу қарқыны – 3,9 пайыз, құрылыста – 11,0 пайыз, саудада – 6,7 пайыз, өңдеуші өнеркәсіпте – 6,5 пайыз, тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 2,8 пайыз, қызмет көрсету саласында – 4,9 пайыз, көлік және қоймалау саласында – 10,1 пайыз, ақпарат және байланыс секторында 6,8 пайызды құрайды. Заң нормаларына сәйкес экономиканың нақты секторына арналған шығыстар агроөнеркәсіптік кешенді, республикалық деңгейдегі көлік инфрақұрылымын, кәсіпкерлікті, цифрландыруды, отын-энергетикалық кешенді, сондай-ақ, су ресурстары мен ирригация, экология және табиғи ресурстар салаларын жаңғыртуға арналған жобаларды дамытуды көздейді.

«Бүгінгі отырыста депутаттар экономиканы әртараптандыру, мемлекеттік борыш көлемі, салық түсімдері және инфляция деңгейі туралы бірқатар маңызды мәселелерді көтерді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын дамыту, парафискалдық төлемдер және өңірлік даму перспективалары талқыланды. Осы ретте, Үкімет сенаторлар көтерген мәселелерді назарға алып, алдағы уақытта тиісті жұмыс жүргізеді деп сенеміз. Палата депутаттары бұл бағыттарда Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеуге дайын», – деді Мәулен Әшімбаев.

Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы заңды талқылау барысында Сенат депутаттарының ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, Мәжіліс қабылдаған заңға өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады. Ол басталған және жалғасып жатқан жобаларды аяқтау үшін елді мекендерде әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға арналған шығындарды жалпы сипаттағы трансферттерде 17,5 миллиард теңге сомасында ұлғайтуға қатысты өзгеріс екенін атап өткен жөн.

Сонымен қатар сенаторлар Республикалық бюджет туралы заңды талқылау кезінде өңірлердің дамуына одан әрі жәрдемдесу үшін қосымша қаражат бөлу туралы шешім қабылдады. Атап айтқанда, депутаттар жылумен жабдықтау жүйелерін қаржыландыруды 37,9 миллиард теңгеге дейін ұлғайтуды ұсынды. Оның ішінде 2026 жылы 9,8 миллиард теңге қарастырылған. Жылу, электр энергетикасын дамытуға жұмсалатын шығындар 7,7 миллиард теңгені құраса, оның 4,7 миллиарды келесі жылға көзделген. Сенаторлардың ұсыныстарына сәйкес 2026 жылы су ресурстарына және газ тасымалдау жүйесін дамытуға жұмсалатын шығыстардың жалпы көлемі де өседі. Бұл сома тиісінше 2,3 миллиард теңге және 5,5 миллиард теңгеге тең болмақ. Осы кезеңде жағалауды нығайту жұмыстарына – 2,2 миллиард теңге, ал, өнеркәсіп салаларының дамуына жәрдемдесуге 1,5 миллиард теңге бөлінді.

Сондай-ақ Сенат депутаттары республикалық бюджетті талқылау барысында Үкімет мүшелерінің назарын өзекті мәселелерге аударды. Олар жалпы экономикалық сипаттағы мәселелерді шешудің маңызына, ауылдарды дамытуға, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және өңірлердің әлеуетін неғұрлым толық іске асыруға қатысты міндеттерді қамтиды. Осыған байланысты Мәулен Әшімбаев аталған бастамаларды тиімді іске асыру үшін барлық мүдделі тараптың өзара тығыз жұмыс істеу қажет екенін тілге тиек етті.

Осылайша, күн тәртібіне шығарылған мәселелерді қарау нәтижесінде сенаторлар екі заңды да концептуалды түрде қолдады. Алайда, оларға бірқатар өзгеріс енгізіп, заңдарды өз түзетулерімен Мәжіліске қайтарды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив