«ТМД-ға арналған 100 идея»: Астанада ТМД-ға мүше елдердің халықаралық жастар жобасының финалдық кезеңі өтті
Бүгін Астанада ТМД елдерінің «ТМД-ға арналған 100 идея» халықаралық жобасының финалы өтті.
Іс-шараға ТМД Атқарушы комитетінің өкілдері, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, сонымен қатар Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген ұлттық іріктеу кезеңдерінің финалистері қатысты.
Іс-шара аясында қатысушы елдер жобаларының көрме-презентациясы ұйымдастырылды. Жастар қазылар алқасына экологияны жақсарту бойынша идеялар мен технологиялық шешімдер, IT-стартаптар, білім беру және медицина саласындағы инновацияларды ұсынды. Жоба қорытындысы мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 21 қараша күні өтеді.
Айта кетейік, «ТМД-ға арналған 100 идея» жобасы 2014 жылдан бері ТМД елдері жастарының инновациялық белсенділігін арттыру мақсатында және оларды Қауымдастыққа мүше елдердің әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін шешуге тарту үшін ұйымдастырылып келеді. Жоба ұлттық және халықаралық кезеңнен тұрады.
Іс-шара «Aqyl tech» жобасы аясында «TechnoWomen» ұйымының қолдауымен өтті.
Сонымен қатар ТМД-ға мүше мемлекеттердің Жастар істері жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында халықаралық жастар ынтымақтастығының стратегиясы және 2026 жылға арналған жұмыс жоспары секілді бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелері талқыланды.