Цифрлық технологияларды енгізу және халықаралық тәжірибе алмасу: «Қазсушар» РМК Азия су кеңесінің құрамына енді
Вьетнамда Азия су кеңесінің (AWC) XXIII Басқарма отырысы өтті. Іс-шараға Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Қазсушар» РМК бас директорының міндетін атқарушы Әнуар Өскенбаев қатысты.
Отырыста «Қазсушар» РМК су ресурстары саласындағы 26 елден 176 ұйымды біріктіретін AWC құрамына қабылданды.
AWC-ға мүше болу «Қазсушарға» су ресурстарын басқаруда цифрлық технологиялар мен инновациялық тәсілдерді енгізуге, сондай-ақ стратегиялық жоспарлау, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және тәжірибе алмасу үшін жетекші азиялық және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
«AWC – Азиядағы және оның шегінен тыс жерлердегі су мәселелеріне шешім іздеуді мақсат ететін жетекші су платформасы. Кеңес таза әрі қолжетімді суға қол жеткізу арқылы тұрақты дамуды қамтамасыз етуге ықпал етеді. AWC су ресурстарымен айналысатын ұйымдармен, оның ішінде үкіметтермен, академиялық және зерттеу мекемелерімен, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдармен белсенді жұмыс істейді. Олардың қатарында Дүниежүзілік су кеңесі, Халықаралық су ресурстары қауымдастығы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, Азия даму банкі сияқты ұйымдар бар. Сондықтан AWC құрамына ену бізге Азиядағы су саласы бойынша жаһандық кәсіби желінің жұмысына қатысуға мүмкіндік береді», – деді «Қазсушар» РМК бас директорының міндетін атқарушы Әнуар Өскенбаев.
Азия су кеңесі 2016 жылдың наурыз айында құрылған. Ұйымның штаб-пәтері Корея Республикасының Тэджон қаласында орналасқан.