Абай облысы қысқы кезеңге толық дайын: халық қауіпсіздігі басты назарда
Ауа райының қолайсыздығына байланысты халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және төтенше жағдайларға жол бермеу – қыстағы басты міндеттердің бірі. Биыл облыс аумағында 132 рет дауылды ескерту жарияланып, бірнеше республикалық және облыстық жолдар уақытша жабылды. Бұл туралы Төтенше жағдайларды жою басқармасы басшысының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау майоры Самат Садуов мәлімдеді.
Тұрғындарды алдын ала хабардар ету үшін ауа райының нашарлауына қатысты мәлімет 411 қысқа нөмірі арқылы СМС түрінде таратылады. Жедел ақпарат алу үшін «Дармен» мобильдік қосымшасын қолдануға болады.
Сонымен қатар ТЖ департаментінің бұйрығына сәйкес жоғары өтімді техникалар қауіпті аудандарға орналастырылып, облыста 2 285 қызметкер мен 888 техникадан тұратын жедел топ жасақталды.
Қыс мезгілінде жолға шығар алдында көліктің техникалық жағдайын міндетті түрде тексеру ұсынылады. Ауа райы нашарлаған жағдайда жеке көлікпен жүрмей, әсіресе балалармен сапарға шыққанда теміржол көлігін пайдаланған жөн.
Мұз үстіндегі қауіп те артады. Бір адам үшін қауіпсіз мұз қалыңдығы 25 см-ден кем болмауы тиіс. Қауіпті аймақтарға бармау, жарықтары бар мұзға шықпау маңызды.Балаларды мұз үстінде қараусыз қалдырмау, қауіпсіздік ережелерін түсіндіру – ата-аналар міндеті. Сондай-ақ мұзға көлікпен немесе квадроциклмен шығуға қатаң тыйым салынады,- деп атап өтті Төтенше жағдайларды жою басқармасының инженері, азаматтық қорғау капитаны Азамат Кунафин.
Абай облысы ТЖД кез келген уақытта көмек көрсетуге дайын. Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 немесе 101 нөмірлеріне дереу хабарласу қажет.