Абай облысының әкімі Сурдлимпиада ойындарының жүлдегерлеріне құрмет көрсетті
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Жапонияның Токио қаласында өткен XXV Сурдлимпиада ойындарында қола жүлдегер атанған дзюдошылар Алтынбек Кәкітаев пен Айым Жетпісбаевамен және олардың жаттықтырушылармен кездесті. Аймақ басшысы жеңімпаздарға облыс жұртшылығы атынан алғыс білдіріп, жарқын жетістіктерімен құттықтады.
Аймақ басшысы Жапонияда жоғары деңгейде өнер көрсеткен Алтынбек Кәкітаев пен Айым Жетпісбаеваға және олардың жаттықтырушылары Мақсат Маралбайұлы мен Мәдина Елтайқызына Алғыс хат пен арнайы сертификаттарды табыс етті.
Абай ауданы, Қарауыл ауылының тумасы Алтынбек Кәкітаев соңғы жылдары ұлттық және халықаралық жарыстарда тұрақты түрде жеңімпаз атанып келеді. 60 келі салмақта Қазақстан чемпионаты мен ҚР кубогында бірінші орынға ие болды. 2024 жылы Әлем чемпионаты мен Азия-Тынық мұхиты ойындарының чемпионы атанды. Ұлттық құрама мүшесі.
Семейлік Айым Жетпісбаева 48 келі салмақта жоғары нәтижеге жетіп жүр. 2024-2025 жылдары Қазақстан чемпионаты мен Кубогында бірінші орын иеленді. Азия-Тынық мұхиты жарысында жүлдегер атанып, ұлттық құраманың негізгі спортшысы ретінде өнер көрсетуде.









