Абай облысында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысы басталды
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласының іргесінде бой көтеретін қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылыс алаңында болды. Мердігерлер аймақ басшысына маңызды нысанның техникалық параметрлері, жоспарланған қуаттылығы және құрылыс кезеңдері туралы баяндады.
Құрылысты түркиялық «Maхimsan A.T.S ST» ЖШС жүргізетін болады. Жоба құны – 8 млрд теңге. Полигонның қатты тұрмыстық қалдықтарды қабылдау қуаттылығы – жылына 300 мың тонна. Сұрыптау цехының жылдық өнімділігі – 75 мың тонна.
Нысанды толық аяқтау және пайдалануға беру 2027 жылдың II тоқсанына жоспарланған.
Аймақ басшысы құрылыс алаңын көріп, мердігерлерге жұмысты белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Айта кетейік, биылғы тамыз айының соңында аймақ басшысы Берік Уәли мен «Makimsan A.T.S St.» компаниясының президенті Атилла Күршат Дикчи өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын.
Меморандум аясында Семей қаласындағы бірнеше көшелерге темір жол үсті көпірлерін салу, «Мәңгілік Ел» көшесі мен Бейбітшілік аралын жалғайтын жаяу жүргінші көпірін тұрғызу, Мақаншы және Аягөз аудандарында кәріз-тазарту нысандарын, Семей қаласында қоқыс полигонын, Құнанбай көшесінен Шығыс кентіне дейінгі бағытта автокөлік және жаяу жүргіншілерге арналған көпір салу, Семейдегі аспалы көпірді қайта жаңғырту, жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта заманауи әкімшілік ғимараттар салу сынды бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жоспарланған.
1969 жылы құрылған «Makimsan» компаниясы Түркияда және шет елдерде халықаралық әуежайлар, қуатты жылу электр орталықтары, Түркия, ТМД елдері, Еуропа және Африка аумағындағы автомобиль жолдары, тоннельдер мен көпірлер, метро, теміржол жүйелері, қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны, әкімшілік ғимараттар, ауруханалар, мектептер мен балабақшалар сияқты ірі жобаларды жүзеге асырған.










