Сенат халықаралық келісімдер топтамасын ратификациялады
Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда күн тәртібіне шығарылған заңдар қаралып, депутаттық сауалдар жолданды.
Палата отырысында сенаторлар «1992 жылғы Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі конвенцияға Су және денсаулық проблемалары туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарады. Осы хаттама шеңберінде Қазақстан Конвенцияның институционалдық құрылымына қосылады. Бұл қауіпсіз ауыз суды дайындау және жеткізу, сарқынды суларды кәдеге жарату және қайта пайдалану саласындағы озық технологиялар мен білімге жол ашады. Сондай-ақ елімізге бірлескен қадағалау және ерте алдын алу жүйелерін, төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл жоспарларын әзірлеуге қатысуға мүмкіндік береді.
«Мақұлданған хаттама су шаруашылығы қызметін басқаруды ұжымдық негізде жетілдіру үшін әзірленген. Құжат тараптардың су экожүйелерін қорғауға және сумен байланысты аурулардың таралуының алдын алуға бағытталған бірлескен шараларды қамтиды. Олар ауыз су көзі ретінде пайдаланылатын су ресурстарын ластанудан қорғауды қамтамасыз етуді көздейді. Алдағы уақытта заң денсаулық және су ресурстарын пайдалану салаларының орнықты дамуына оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Талқылау барысында аталып өткендей, заң нормаларына сәйкес хаттаманың қолданыс аясы жерүсті тұщы суларын, жерасты суларын, эстуарийлерді, акваөсіру үшін пайдаланылатын жағалау суларын, шомылуға қолжетімді тұйық суларды, тарту, тасымалдау, тазарту немесе жабдықтау процесіндегі суларды және сарқынды суларды қамтиды.
Сонымен қатар Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Челябі мемлекеттік университеті» жоғары білім берудің федералдық мемлекеттік бюджеттік білім беру мекемесі Қостанай филиалының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, ратификациялады. Заңның негізгі міндеттерінің бірі – студенттер мен оқытушылардың құқықтарын қамтамасыз ету және филиалдың қызметін ұлттық заңнамаға сәйкес келтіру. Жалпы, келісім филиалға студенттер қабылдау қағидадаттарын, білім беру стандарттарын және басқа да мәселелерді айқындайды.
Осы орайда құжат арқылы екі елдің жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына сәйкес филиалда қазақ, орыс және басқа тілдерде оқыту көзделгенін де атап өткен жөн.
Отырыста сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады.
Бекбол Орынбасаров еліміздегі лифт паркінің жағдайы сын көтермейтінін айтып, бұл саладағы қордаланған проблемаларды шешу үшін бірқатар шараға тоқталып өтті. Атап айтқанда, оңтайлы бірлесіп қаржыландыру арқылы ескірген лифттерді толық ауыстыруға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру, монтаждаумен, қызмет көрсетумен, жөндеумен айналысатын ұйымдарды лицензиялауды және міндетті аттестаттауды енгізу ұсынылды.
Закиржан Кузиев ауыл шаруашылығындағы өңдеу кәсіпорындары үшін мөлшерлемесі төмен, жеңілдікпен берілетін ұзақ мерзімді кредиттерді және аталған сектордағы айналым қаражатының тапшылығын ескере отырып, маусымдық кредиттеуді енгізу мәселесіне назар аударды.
Сәкен Арубаев Абай облысының дамуын тежейтін негізгі факторларды атап өтіп, оларды шешуде қосымша қаржылық қолдау қажет екенін айтты. Сауалда АӨК-ті қолдауға және инфрақұрылымның жай-күйіне қатысты мәселелерге де ерекше мән берілді.
Серік Шайдаров «Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңарту қарқыны төмен екенін тілге тиек етіп, мәселені сынға алды. Осыған байланысты депутат Премьер-Министрді жобаны жеке бақылауға алуға шақырды.
Әсем Рахметова Қазақстанның туристік әлеуетін іске асыру бағытындағы жұмыстың мардымсыз екеніне тоқталды. Сенатордың айтуынша, қасиетті нысандардың көптігіне қарамастан, елде тарихи туризмнің дамуы көңіл көншітпейді және сала мамандарын даярлау дұрыс жолға қойылмаған.