Сенатта цифрлық активтер индустриясының дамуы талқыланды
Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің мүшелері «Қазақстанда цифрлық активтер индустриясын дамыту» тақырыбы бойынша құзыретті мемлекеттік органдардың және мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесу өткізді.
Комитет төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов өз сөзінде еліміздің Президенті Қазақстан халқына Жолдауында үш жыл ішінде толыққанды цифрлық экономикаға көшу жөніндегі стратегиялық міндетті алға қойғанын, ол мемлекеттің барлық институттарының жүйелі және үйлестірілген жұмысын талап ететін атап өтті.
«Еліміздің Президенті алға қойған міндеттің ауқымы оны дереу іске асыруды талап етеді. Цифрлық дәуір өмірдің барлық салаларын өзгертуде, ал қаржы секторы оның бетке ұстар саласына айналды. Бүкіл әлемде цифрлық қаржы активтер нарығы қарқынды дамып келеді және Қазақстан да одан тыс қалмайды. Бізде цифрлық технологиялар белсенді енгізілуде, ал экономиканы цифрландырудың негізгі қадамдарының бірі – цифрлық қаржы активтерін дамыту болып отыр», - деді Сұлтанбек Мәкежанов.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің өкілі «Цифрлық активтер туралы» заң қабылданғаннан кейін елімізде жұмыс істейтін 70 майнерге лицензия берілгенін, тізілімге 400 мыңнан астам жабдық енгізілгені, майнинг пулы аккредиттелгені және 12 криптобиржа жұмыс істейтіні туралы хабарлады. Ол саланың салық түсімдерінің өскенін атап өтіп, АХҚО-да 27 лицензияланған цифрлық активтер провайдері жұмыс істеп тұрғанын жеткізді.
Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов өз кезегінде цифрлық қаржы активтерін реттеуге және криптовалюта айналымын көлеңкеден шығаруға бағытталған заңнамалық түзетулерге егжей-тегжейлі тоқталды. Әзірленген шаралардың ішінде криптовалюталарды лицензиялау, олардың қызметіне қойылатын талаптарды белгілеу, инвесторларды қорғау, транзакцияларға бақылауды күшейту, сондай-ақ инфрақұрылымдық компаниялар үшін қаржы мониторингі субъектілерінің мәртебесін енгізу де бар.