Cемей-6°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
513.45 596.99 6.59

Қазақстан АӨК-тегі қайта өңделген өнімдер экспортын ұлғайтуда

Бүгін, 15:50 Думан Кенжеғазыұлы

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өңдеу өнеркәсібін дамыту және цифрландыру мәселесі қаралды. Онда өнеркәсіп және құрылыс, энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, жасанды интеллект және цифрлық даму министрлері атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Сондай-ақ Қостанай, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері тыңдалды.

Өз кезегінде ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров салада осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, тамақ өнімдері өндірісі тұрақты өсім көрсетуде. Осы жылдың 10 айында ол 3,1 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,1%-ға артқан. Жыл соңына дейінгі жоспар – 9,3%.

«Тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға салынған инвестициялар 60%-ға өсіп, 225 млрд теңгені құраған. Қайта өңделген өнімдердің экспорты бойынша да оң динамика байқалады. Осы жылдың 9 айында экспорт көлемі $2,5 млрд құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32,4%-ға артты. Өсімнің едәуір бөлігін ұн және май өндірісі салалары қамтамасыз етуде. Аталған кезеңде ұн өндірісі 2,8 млн тоннаға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға ұлғайды, өсімдік майы - 21,7%-ға өсіп, 726 мың тонны құрады, сүт өндірісі - 4,7%-ға өсіп, 550 мың тоннаға жетті, жарма 10%-ға, шұжық өнімдері 7,8%-ға өсті», — деді министр.

Сондай-ақ саланы ынталандыру шаралары қабылдануда. Мәселен, қайта өңдеу саласы Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша жылдық 2,5% мөлшерлемемен несиелендірілетін бағыттар тізбесіне енгізілді. 2024 жылдан бері айналым қаражатын толықтыруға 5%-дық жеңілдетілген несие беріліп, 12 кәсіпорын 35 млрд теңгеге қаржыландырылған. Биыл 44,3 млрд теңге бөлініп, шамамен 100 кәсіпорын қамтылды. Келесі жылы қаржыландыру көлемін 1,5 есеге ұлғайту жоспарлануда.

«Инвестиция тарту мақсатында инвестор шығындарын өтеу үлесі арттырылды. Экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша жедел штаб шеңберінде ірі кәсіпорындардың тізбесі қалыптастырылды. Олардың өндіріс көлемдеріне ай сайын мониторинг жүргізіліп, проблемалық мәселелер мен өсім резервтері айқындалуда. Осы аталған шараларды жүзеге асыру Ұлттық даму жоспарында бекітілген тауарлар бойынша 2024 жылы қайта өңдеген өнім үлесін 40%-дың орынына 50%-ға жеткізуге мүмкіндік берді. Биыл оны 55%-ға арттыру күтілуде», — деді ол.

Оның айтуынша, астықты терең өңдеуге де ерекше назар аударылуда. Бүгінгі күні жылына 510 мың тонна қуаттылығы бар 3 кәсіпорын жұмыс істеуде. Өнім ассортименті: крахмал, глютен, патока, биоэтанол. 2028 жылға дейін бидай мен жүгеріні өңдеуге арналған қуаттылығы жылына 4,8 млн тонна болатын 5 ірі жобаны іске қосу жоспарлануда. Салаға салынатын инвестициялар көлемі – $2,6 млрд құрайтын болады, нәтижесінде 3,3 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Өнім ассортиментері аминқышқылдар, сироптар және витаминдермен  кеңейтіледі.

Инновациялық өндірістерді шикізатпен қамтамасыз ету мәселесі жүгерінің егіс алқаптарын кеңейтуді көздейтін әртараптандыру шаралары шеңберінде жүзеге асырылады. Қайта өңделген өнім үлесін арттыру мақсатында инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биыл жалпы сомасы 108,5 млрд теңгені құрайтын 40 жоба пысықталды, оның ішінде 29 жобасы іске қосылды. Іске қосылған жобалар майлы дақылдарды, ет, жеміс, жүн өңдеу, құрама жем өндірісін және өзге де бағыттарды қамтиды.

«2026 жылы жалпы сомасы 394 млрд теңгені құрайтын 50 жобаны жүзеге асыру және 2,5 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Соның ішінде 6 ірі жобаға тоқталғым келеді. Жамбыл облысында «Fufeng Group» жобасының бірінші кезеңінде 300 мың тонна  жүгеріні терең өңдеу жоспарлануда. Алматы облысында «Fruit Art» компаниясы 25 мың тонна жеміс-жидектерді өңдеу бойынша үшінші кезеңің жүзеге асырады, «Шин-Лайн» балмұздақ өндірісін 35 мың тоннаға дейін ұлғайтады және «Қапшағай Бидай Өнімдері» жобасы 250 мың тонна шамасында астық және майлы дақылдарды өңдейді. Қостанай облысында «Баян Сұлу» кондитерлік өнімдер өндірісін 13 мың тоннаға арттырады. Абай облысында «Eurasia Agro Semey» 7,2 мың тонна шұжық өнімдерінің өндірісін іске қосады. Ал 2027 жылы жалпы сомасы 874,3 млрд теңге болатын 26 жобаны жүзеге асыру және 3,5 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделуде. Соның ішінде 6 ірі жобаға тоқталғым келеді. Олар – Астана қаласында 250 мың тонна бидай және 80 мың тонна бұршақ өңдейтін «Tiryaki Holding» жобасы, Ақмола облысында жылына 1,0 млн тонна бидай өңдейтін «Dalian Hesheng Holding Group» жобасы және 1,0 млн дана жұмыртқаны терең өңдеу бойынша «KazEggs» компаниясы, Алматы облысында 210 мың тонна картоп өңдейтін «PepsiCo» жобасы және  150 мың тонна мал және өсімдік өнімдерін өңдеу бойынша «Mars» жобасы», — деді Айдарбек Сапаров.

Сонымен қатар, «UBM Group» компаниясының 2 жобасы іске асырылуда. Олар – Қостанай облысында 100 мың тонна құрама жем өндірісі және Алматы облысында 48 мың тонна қоспа өндірісі. 2027 жылғы ірі жобаларды жүзеге асыру қосылған құны жоғары өнімдер өндірісін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Ал цифрлық технологияларды енгізу мәселесі бойынша бүгінгі күні 648 кәсіпорын цифрлық құралдарды қолдануда, оның ішінде қайта өңдеу саласындағы 105 жүйеқұраушы кәсіпорын бар. Олар – Биооперейшн, Kazbeef, Бижан, Масло-дел, Кублей, Зенченко және тағы басқалар. Цифрландыру операциялық тізбектің сатып алу, қайта өңдеу, логистика, дистрибьюция және сату сынды барлық негізгі буындарын қамтиды, бұл өнім қозғалысы процестерін оңтайландыруға және өндірістің барлық кезеңдерінде жоғары деңгейдегі бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Министр «E-АПК» бірыңғай платформасы аясында цифрлық технологияларды енгізу жұмысы жалғастырыла беретінін айтты. Аталған платформа субсидиялау, жер ресурстарын басқару, егін мен мал шаруашылығы және қайта өңдеу өнімдерінің қадағалануын бірыңғай цифрлық контурда біріктіреді. Жүйеге жасанды интеллект элементтері де енгізілетін болады. Сала тиімділігін одан әрі арттыру мақсатында цифрландыруды жұмыстары одан әрі жалғаспақ.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив