Абай облысында 338 зардап шеккен халықты қабылдау пункті жұмыс істейді
Аймақ тұрғындарын ықтимал төтенше жағдайлар кезінде қауіпсіз аймаққа көшіру және уақытша орналастыруды қамтамасыз ету мақсатында өңірде жүйелі дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында ТЖД Азаматтық қорғау басқармасының бастығы Димаш Асқаров баяндады.
Төтенше жағдайлар туындаған кезде халықты жедел қабылдау және орналастыруды ұйымдастыру мақсатында бұл мәселелер облыстық эвакуациялық комиссияның, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның отырыстарында қаралып, проблемалық аспектілерді шешу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бұл туралы Азаматтық қорғау тобының аға офицері Темірлан Амантаев кеңінен тарқатты.
Сонымен қатар, ТЖД қызметкерлері Семей қаласының Қарағайлы шағын ауданында тұрғын үйлерді аралап, жер сілкінісі кезіндегі іс-қимыл ережелерін түсіндіріп, жақын маңдағы зардап шеккен халықты қабылдау пункттерінің орналасуын арнайы қосымшалар арқылы көрсетті.
Көпқабатты үйлердің кіреберіс алаңдарына Пункттерге баратын бағыттарды көрсететін ақпараттық тақтайшалар орнату жөнінде қала және аудан әкімдіктеріне хат жолданып, бұл мәселе облыстық эвакуациялық комиссия отырысында да қаралды.