Сенаторлар Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асырудағы негізгі проблемаларды талқылады
Бүгін Сенатта «Өңір» депутаттық тобының отырысы өтті. Оған сенаторлар, өңірлердің өкілдері және салалық министрліктердің мамандары қатысты.
Күн тәртібінің негізгі мәселесі – Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаның орындалуы. Жоғары аудиторлық палатаның деректеріне сәйкес, Ұлттық жобаның жүзеге асуына әсер ететін бірқатар жүйелі проблемалар әлі сақталып отыр. Олардың қатарында кейбір өңірлерде 75%-ға дейін жететін кәріз желілерінің тозуы, жергілікті атқарушы органдардың статистикасы мен ресми мәліметтер арасындағы айырмашылықтар, процестердің төмен деңгейде цифрлануы, сондай-ақ коммуналдық кәсіпорындар үшін қаржылық тетіктердің жеткіліксіздігі бар.
«Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмысын жеделдету және басқарушылық шешімдер қабылданатын деректердің дұрыстығын қамтамасыз ету қажет. Ұлттық жобаның нәтижесі адамдардың өмір сапасына қазір әсер етуі тиіс, алыс болашақта емес», - деп атап өтті Руслан Рүстемов.
Талқылау барысында өңір өкілдері техникалық деректерге маңыз беру, желілердің нақты ұзындығын түзету және жобалық-сметалық құжаттаманың сапасын арттыруға қатысты мәселелерді көтерді.
Сенаторлар Ұлттық жобаны одан әрі ілгерілету үшін салалық органдардың жауапкершілігін күшейту, суды тазарту мен энергия үнемдеудің заманауи технологиясын енгізу, сондай-ақ өңірлердегі жобалардың орындалуын қатаң бақылауды қамтамасыз ету қажет екенін айтты.
Отырыстың қорытындысы бойынша Серік Шайдаров «Өңір» депутаттық тобы Ұлттық жобаның орындалуын бақылауды жалғастыратынын және инфрақұрылымның дамуы мен азаматтардың жайлылығына әсер ететін жүйелі мәселелерді шешуге күш салатынын атап өтті.