Cемей-1°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
503.89 587.54 6.48

Мәжіліс депутаттары азаматтардың өтініштерін қарау барысы туралы Үкіметтің есебін тыңдады

Бүгін, 10:09 Думан Кенжеғазыұлы

Спикер Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар аймақтарға сапарлар кезінде азаматтардан келіп түскен өтініштерді мемлекеттік органдардың қарау нәтижесі туралы Үкіметтің есебін тыңдады. Сондай-ақ Цифрлық кодекс пен «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңдарды және оларға ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады, OPEC халықаралық даму қорымен негіздемелік келісімді ратификациялады.

Мәжіліс депутаттарының аймақтарға сапарлары барысында жұртшылықтан келіп түскен өтініштерді мемлекеттік органдардың қарау нәтижесі жөнінде Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев баяндады.

– Ең алдымен, Мемлекет басшысы айқындаған негізгі міндеттерді іске асыруда Үкіметпен өзара тығыз әрі жүйелі іс-қимыл жасап келе жатқан Парламентке алғыс айтамыз. Парламенттің ұстанымы – халықтың ұстанымы. Халықпен байланыс орнату басымдықтарды дұрыс айқындауға мүмкіндік береді, – деді Қанат Бозымбаев.

Вице-премьердің айтуынша, сайлаушылар биыл елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі салаларын қамтитын 965 өзекті әрі жүйелі мәселе көтерген. Өтініштердің жартысына жуығы (47%) нақты секторларға қатысты. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және құрылыс, экология және табиғи ресурстар, көлік салаларындағы мәселелер бойынша азаматтар жиі хабарласқан.

Сұрақтардың 31 пайызы әлеуметтік салаға – денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және білім беруге, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылым сапасы мен қолжетімділігіне қатысты. Қалғаны мемлекеттік реттеу, қаржылық және экономикалық аспектілермен, құқық қорғау органдарының қызметі және басқа да салалармен байланысты. Қанат Бозымбаев атап өткендей, келіп түскен сауалдарға қарап, олардың экономикалық және әлеуметтік даму мәселелерін шешуге бағытталғанын көруге болады.

Есепті тыңдағаннан кейін Мәжіліс депутаттары Премьер-министрдің орынбасары мен Үкіметтің басқа да мүшелеріне әлеуметтік-экономикалық салаға, инфрақұрылым салуға және басқа да салаларға қатысты сұрақтар қойды. Оның ішінде аймақтардағы оңалту орталықтарының жетіспеушілігі, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту жабдықтарын салу, тегін дәрі-дәрмекпен қамту, сондай-ақ медицина ұйымдарындағы баға саясаты, невролог дәрігерлермен қамтамасыз ету туралы сұрақтар болды.

Әсіресе, білім беру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Аудандық деңгейдегі мектептерді қаржыландыру, жасөспірімдерге арналған қосымша білім беруді дамыту, оқу бағдарламаларын оңтайландыру және мемлекеттік гранттар бойынша түлектердің үлгерімін бақылау мәселелері қамтылды. Депутаттар сондай-ақ ауылдар мен шекаралас аудандарда инфрақұрылым салу мен жөндеу, субсидия мен жеңілдетілген несие арқылы фермерлерді, кәсіпкерлерді қолдау шараларын, жер ресурстарын пайдалану және коммуналдық қалдықтарды басқару, сондай-ақ су инфрақұрылымын дамыту мен су тасқынының алдын алу мәселелерін талқылады.

Мәжілістегі саяси партиялардың фракциялары Үкіметтің жұмысы бойынша ұсыныстары мен пікірлерін білдірді. Атап айтқанда, әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей әсер ететін өзекті мәселелерге назар аударды. Инфляцияны бақылауда ұстау барысы, мемлекеттік органдар жобаларының аяқсыз қалуы, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені, бизнес, салық салу және басқа да мәселелер бойынша сын айтылды. Олар Үкімет мүшелерінің қоғаммен тиісті диалог пен сындарлы жауапқа дайын еместігін атап өтті.

Фракция жетекшілері Үкіметке ұсыныстарын жеткізді. Олар аймақтық мәселелерге жауап беру жүйесін жетілдіру, республикалық бюджеттен маңызды инфрақұрылымды жедел қаржыландыру, ауылдық жерлерді қажетті кадрлармен қамтамасыз ету және жұмысшылардың құқығын бұзатын әлеуметтік ережелерді қайта қарауды ұсынды.

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов депутаттардың Үкіметке қатысты пікірлерінің орынды екенін, нақты сұрақтарға көбіне жалтарма, жалпылама түсініктемелер берілгенін айтты.

– Өңірлерде қордаланған мәселелер аз емес. Бұл туралы жуырда өткен Ауыл әкімдерінің диалог-платформасында да айтылды. Сіздер өздеріңіз де қатысып, қаншама мәселе көтерілгенін көрдіңіздер. Түстен кейінгі алты секцияда тағы 100-ден астам мәселе қаралды. Сол жерде Мемлекет басшысы олардың көпшілігі бойынша жүйелі шешімдерді ұсынды, нақты тапсырмалар берді. Олар қалай орындалады, қандай нәтижеге қол жеткізіледі? Мәжіліс депутаттары мұны тұрақты түрде бақылауда ұстайтын болады,–деді Мәжіліс төрағасы вице-премьерге.

Ерлан Қошанов келер жылдың басында Мәжілісте тағы да кездесу өтетінін, сол жиында депутаттар көтерілген барлық мәселелерді шешу бойынша нақты нәтижелерді күтетінін айтты.

Мәжіліс 2024 жылы 4 қыркүйекте Астанада қол қойылған Қазақстан Үкіметі мен ОРЕС Халықаралық даму қоры арасындағы жеке сектордағы операцияларды ұйымдастыру туралы негіздемелік келісімді ратификациялады. Аталған құжатты Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин таныстырды.

Жұмыс тобының жетекшісі Бауыржан Смағұлов өзінің қосымша баяндамасында атап өткендей, келісім Қордың инвестициялық жобаларды қаржыландыруы үшін Үкімет кепілдіктерін талап етпей, 2,5-5 пайыз мөлшерлемемен несие беруін көздейді.

– Бұл ретте Қор активтері мен кірістері тікелей салықтан босатылып, валюта айырбастау және қаражат аудару мүмкіндігі беріледі. Құжатта сондай-ақ Қордың мәртебесі мен режимін айқындау, оған артықшылықтар мен иммунитет беру, Қор мен оның бенефициарларының құқықтарын қорғау және дауларды төрелік сот арқылы шешу қарастырылған, – деді депутат.

Келісімді ратификациялау Қорға энергетика, өнеркәсіп, көлік инфрақұрылымы, қаржы, ауыл шаруашылығы, су, телекоммуникация, білім беру және денсаулық сақтау сияқты салалардағы экономикалық даму мақсаттары ретінде Қазақстанға қаржылық қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. 2026-2030 жылдар аралығында елдегі түрлі жобаларды жүзеге асыру үшін жеке компанияларға 400 миллион долларға дейін қаражат бөлу жоспарланған. 

Жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары Цифрлық кодекс жобасы мен оған оған ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Жұмыс тобының жетекшісі Екатерина Смышляева құжаттың цифрлық ортада туындайтын қоғамдық қатынастарды кешенді құқықтық реттеуді қамтамасыз етуге бағытталғанын, түрлі норманы бірыңғай, жетілдірілген құқықтық жүйеге біріктіретінін түсіндірді.

Депутаттың айтуынша, Кодекс аясында алғаш рет заңнамалық деңгейде цифрлық қызметтердің қолжетімділік пен инклюзивтілік қағидаттары енгізіледі. Бұл цифрлық мемлекеттің әр азамат үшін ыңғайлы болуын қамтамасыз етеді. Құжатта барлық құрылымның цифрлық үкімет пен смарт-аймақтардың бірыңғай экожүйесінде жұмыс істейтін интеграцияланған цифрлық мемлекет архитектурасына көшуі қарастырылған.

Кодексте жеке деректерді жою және жасырын ету құқығы, сондай-ақ пайдаланушының жеке кабинетіндегі цифрлық деректерді жазу механизмі бекітілген. Мүмкіндігі шектеулі жандардың мемлекеттік цифрлық қызметтерге міндетті түрде қол жеткізуі қамтылған. Алгоритмдер мен жасанды интеллектіге ерекше назар аударылады.

Сонымен қатар, жаңа Кодекс цифрлық кеңістіктегі ашық әрі қауіпсіз құқықтық қатынасты қамтамасыз етеді. Аутентификация мен сәйкестендіру режимі, соның ішінде көп факторлы және биометриялық құқықтық режим нығаяды. Электрондық цифрлық қолтаңбалар қолтаңбаның жалғыз сенімді, білікті түрі болып қала береді. Алғаш рет өздігінен орындалатын цифрлық келісімшарттар – смарт-келісімшарттар үшін құқықтық негіз белгіленді. Сонымен қатар киберқауіпсіздік саласына бірыңғай терминология мен тәсілдер, соның ішінде цифрлық шешімдердің сапасын, ашықтығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін үш деңгейлі аудит жүйесі енгізіледі. «Ақпараттандыру туралы» заң «Киберқауіпсіздік туралы» заң болып өзгереді.

Мәжіліс Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Құқықбұзушылық профилактикасы туралы» жаңа заңды екінші оқылымда қабылдады. Заңда құқықбұзушылық профилактикасы жүйесі кеңейіп, профилактика субъектілерінің саны 13-тен 26-ға дейін артады. Сонымен қатар профилактика моделінің өзі қайта қаралады. Енді оған жалпы, жеке және арнайы шаралар енгізіледі.

Жұмыс тобының жетекшісі Магеррам Магеррамовтың айтуынша, депутаттар петицияларға қойылатын талаптарды күшейтетін түзетулер енгізген. Қоғам тұрақтылығын бұзуы мүмкін теріс әрекеттердің алдын алу үшін  оларға енгізілуі мүмкін мәселелердің тізімі кеңейтіліп, нақтыланды. «Күмәнді схемаларды» жою үшін сот орындаушылары арасында атқарушылық құжаттарды тарату механизмі қайта қаралды. Жергілікті басқару органдарында балалар құқын қорғау жөніндегі аймақтық уәкілетті орган құрылады, онда аудандарда, облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда, астанада есеп беретін және бағынатын департаменттер болады. Әкімдіктерге қалалар мен елдімекендердегі көгалдандыру ережелерін бұзуға, сондай-ақ инфрақұрылымның бұзылуына, жасыл кеңістіктердің жойылуына және зақымдануына қатысты істерді қарау өкілеттігі беріледі.

Түзетулердің жеке блогы ретінде, электр самокаттар азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру және тіркеу номірі талап етілетін  көлік құралдарының қатарына қосылды. Жүргізуші куәлігі жоқ немесе одан айырылған адамға электр самокатты басқаруға рұқсат берген жалға берушілерге әкімшілік жауапкершілік жүктеледі.

Сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте мына жағдайлар үшін жазалар қарастырылған: мемлекеттік органдар мен жергілікті билік органдарының төтенше жағдайлардың алдын алуды бақылауда ұстамауы, балалар құқын қорғау жөніндегі уәкілетті орган қызметкерінің заңды қызметіне кедергі келтіру және жеке сот орындаушысының тиісті шара қабылдамауы. Бұған қоғамдық орындарда бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім кию де кіреді. Мұндай құқықбұзушылық үшін бірінші рет ескерту жасалады, қайталанған жағдайда 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Жалпы отырыста Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олар: Салық кодексіне коммуналдық меншіктегі энергия өндіруші ұйымдарға салық салу мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы; Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялау туралы құжаттар.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив