Абай облысында «Адал білім – адал ұрпақ» өңірлік форумы өтті
Абай облысында «Адал білім – адал ұрпақ» өңірлік форумы өтті 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай Ішкі саясат басқармасының тапсырысы аясында «Адал білім – адал ұрпақ» өңірлік форумы ұйымдастырылды. Жастардың құқықтық мәдениетін арттырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын қалыптастыруды мақсат еткен жиынға мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, сондай-ақ қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Форумның ашылуында Абай облысының Ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Жұмаділов қатысушыларға сәттілік тілей отырып, аталған шараның қоғам үшін маңызын атап өтті.
Форум қатысушылары сөз алып, қоғамдағы адалдық, әділеттілік және жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыру жөніндегі пікірлерімен бөлісті. Абай облысының Білім басқармасының басшысы Бауыржан Ердембеков, Шәкәрім университетінің ректоры – Басқарма төрағасы Думан Орынбеков, жастар белсендісі Қуаныш Молдақашев және Рымбек Байсейітов атындағы Семей қаржы-экономикалық колледжінің студенті Назерке Кадекова жастарға арналған жаңа профилактикалық бағдарламаларды таныстырып, өз көзқарастарын білдірді. Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков білім орнындағы адалдық қағидатын нығайту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.
Форум мазмұнымен сабақтас тағы бір маңызды бағыт – облыста жүзеге асырылып жатқан «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы. Бұл бағдарлама мектепке дейінгі кезеңнен бастап құқықтық сауаттылық, азаматтық жауапкершілік және әділдік принциптерін қалыптастыруды көздейді. Қазіргі таңда аймақта 286 мектепте 7 375 оқушыны қамтитын «Адал Ұрпақ» клубтары, сондай-ақ 30 студенттік клубта 490 студент жұмыс істейді. Білім басқармасының басшысы Бауыржан Ердембеков бұл бағыттағы жұмыстардың маңызына тоқталды.
Іс-шара соңында жыл бойы жемқорлықтың алдын алу бағытында белсенді қызмет атқарған азаматтар облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.










