«Абай Ақпарат» редакциясы медицина жаңалықтарына қолдау көрсетеді
Бүгін «Семей медицина университеті» КЕАҚ пен «Abay Media Group» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Семей медицина университеті — еліміздің ғана емес, шетелдік медициналық қауымдастықтың да жоғары бағасын иеленген жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Университеттің терең тарихы, қуатты ғылыми-зерттеу әлеуеті және заманауи білім беру тәсілдері денсаулық сақтау жүйесіне қажет жоғары білікті кадрларды даярлауға мүмкіндік береді. Білім ордасы инновацияларды белсенді енгізіп, халықаралық жобаларға қатысып, ғылым мен практиканы тиімді ұштастырып келеді.
Құжаттың мақсаты — медицина және денсаулық сақтау саласында бірлескен ақпараттық-ағартушылық жобаларды дамыту. Халықтың сапалы, қолжетімді және нақты медициналық ақпаратқа деген сұранысы артып отырған қазіргі уақытта тараптар медициналық сауаттылықты арттыруға бағытталған контент дайындауға келісті. Ынтымақтастық аясында өңірдің медициналық ұйымдарында енгізіліп жатқан заманауи технологияларды, отандық ғалымдардың ғылыми жетістіктерін және жас мамандардың жетістіктерін кеңінен насихаттау да жоспарланып отыр.