Cемей-17°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
514.74 599.36 6.71

Парламент машина жасау саласын қолдауды арттыруда: Мәулен Әшімбаев жаңа заң әзірленіп жатқанын айтты

5-12-2025, 17:52 Думан Кенжеғазыұлы

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан машина жасаушылар одағы Үйлестіру кеңесінің отырысына қатысып, сөз сөйледі. Кездесуге қатысушылар саланың даму перспективаларына тоқталып, оларды іске асыру жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ жиында биыл атқарылған жұмыс қорытындыланды.

Мәулен Әшімбаев іс-шараға қатысушыларға ілтипат білдіріп, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында белгілеп берген өңдеу өнеркәсібінің басым бағыттарына назар аударды. Палата Спикері оларды уақтылы әрі сапалы іске асырып, жаңа өндіріс орындарын ашу үшін заманауи тәсілдерді қолдану және мемлекеттік органдар мен бизнестің тығыз өзара іс-қимылы маңызды екенін атап өтті. Мұндай қадам саланың ішкі нарықтағы позициясын нығайтып, оны халықаралық деңгейде дамытуға ықпал етеді.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында өңдеу өнеркәсібін дамытудың маңызды екенін айрықша атап өтті. Жалпы, машина жасау ғылымды қажет ететін, күрделі және озық сала ретінде елдің индустриялық дамуының негізгі драйверлерінің бірі саналады. Бұл сектор экономиканың аралас салаларына мультипликативті әсер етеді. Сондай-ақ оның өнімдерінің қосылған құны жоғары екені белгілі. Сондықтан Парламент Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің орындалуы үшін дәйекті түрде саланы қолдау жүйесін қалыптастырып келеді», – деді Сенат Төрағасы.

Сондай-ақ ол сенаторлар Қазақстан машина жасаушылар одағымен бірлесіп әзірлеген машина жасауды дамытуға арналған заң жобасына ерекше мән беріп, Палатаның осы бағыттағы жұмысына кеңірек тоқталды. Құжат автомобиль өнеркәсібін өркендетуге, салалық кластерлер құруға, арнайы экономикалық аймақ пен индустриялық аймақтарды дамытуға және дуалды оқытуға қатысты маңызды шараларды қамтиды.

Отырыс барысында Үйлестіру кеңесінің мүшелері белгілі бір нәтижелерге қарамастан, салада әлі де болса жетілдіретін тұстар бар екеніне назар аударды. Соның ішінде Қарағанды облысының Саран қаласында өткен машина жасауды дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстелде айтылған бірқатар міндеттер жан-жақты сөз болды. Оларды Машина жасауды дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында қосымша пысықтау қажет. Нақты айтқанда, кадр тапшылығы, жабдықты жаңарту үшін заманауи технологиялар мен инвестициялардың жеткіліксіздігі, импортқа тәуелділік сияқты түйткілдер өте өзекті. Бүгінде мұнай-газ, тау-кен металлургиясы, энергетикалық машина жасау сияқты машина жасаудың бірқатар стратегиялық сегменттерінде оқшаулау деңгейі тек 20-30 пайызды құрайды. Ал, білікті мамандарға деген қажеттілік 7000 адамға жеткен.

Сонымен қатар іс-шарада ірі өнеркәсіптік жобалардың қызметі мен аралық нәтижелеріне, оқшаулау деңгейіне, жабдықты жаңғыртуға және шығарылатын өнім желісін кеңейтуге қатысты пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Цифрландыру және заманауи технологиялық шешімдерді енгізу мәселелері де талқыланды.

Жалпы, отырысқа Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, Үйлестіру кеңесінің төрағасы Роман Скляр, «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ Басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев және салалық министрліктер мен жетекші отандық кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив