Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата тұрғын үй заңнамасы мәселелерін талқылады
Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның отырысында еліміздегі тұрғын үй заңнамасының проблемалары талқыланды. Айдос Сарымның төрағалығымен өткен жиынға Мәжіліс депутаттары мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері, «Отбасы банкі» АҚ басшылары, салалық қауымдастықтар жетекшілері мен сарапшылар қатысты.
Отырыста Айдос Сарым тұрғын үй саласының ауқымы кең екенін, ол жаңғыртуды қажет ететінін атап өтті. Кейбір санатқа жататын азаматтарға баспана бөлу, тұрғын үйді жалға алуды және жалға алушылардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ үлескерлердің, құрылыс салушылардың және тұрғын үй қорын басқару мәселелер бар екенін айтты. Қоғамдық палата төрағасы әріптестерін қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге, тұрғын үй саласындағы жүйелі құқықтық мәселелерді шешу жөнінде нақты ұсыныстар енгізуге шақырды.
Отырыста баяндама жасаған Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов 2023-2024 жылдары елімізде 36,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін (жоспарланғаны 30,8 млн шаршы метр), сөйтіп Президенттің сайлауалды бағдарламасын орындау жоспары 6,1 млн шаршы метрге асыра орындалғанын жеткізді.
– Биыл республика бойынша 19,2 млн.шаршы метр баспана салу жоспарланып отыр. 10 ай ішінде оның 14,6 млн шаршы метрі берілді, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңінен 4,5 пайызға жоғары. Бүгінгі таңда Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жоспарын орындалу көрсеткіші 46,4 пайыз немесе 51,5 млн шаршы метрге тең, – деді Қуандық Қажкенов.
Ол сондай-ақ мемлекет тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға белсенді қолдау көрсетуді жалғастырып жатқанына тоқталды. Атап айтқанда, жалға берілетін пәтерлер, 2 және 5 пайызбен жеңілдетілген ипотекалық несиелер беріледі, жалдау субсидияланады, тұрғын үй сертификаттары ұсынылады. 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша кезекте тұрған 5 мыңға жуық адам жеңілдігі бар бағдарламалар арқылы тұрғын үй сатып алса, тағы 9,8 мыңнан астам отбасыға жалдау ақысы беріледі.
Қоғамдық палатаның мүшесі, «Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры» ҚҚ президенті Зәуреш Батталова салалық заңнаманы жетілдіруге қатысты өз ұстанымын білдірді. Ол қазіргі заңнамада базалық ұғымдар айқындалмаған, баспаналы болу құқын іске асыру тетіктері жеткіліксіз, ал тиісті ведомстволардың жұмысында өзара үйлесім жоқ деп санайды.
– Біз құрылыс бағдарламаларының логикасына емес, тұрғын үй тиісті стандарттар, нормалар және институттар арқылы реттелетін кепілдік болып саналатын құқықтық модельге көшуіміз керек. Тұрғын үй саясатының қазіргі жағдайы жекелеген мәселені емес, бүкіл саладағы кемшіліктерді талқылауды талап етеді. Мемлекеттік бағдарламалар заңды құқын жүзеге асыру тетігі ретінде емес, тарату құралы ретінде жұмыс істеп тұр. Жастар, жалға алушылар, табысы төмен отбасылар, балалар үйінің түлектері, көп балалы отбасылар және мүгедектер сынды әлеуметтік топтар іс жүзінде жүйеден тыс қалып отыр, – деп атап өтті Зауреш Батталова.
Ол осыған байланысты құрылысты салу мен эксплуатациялаудың барлық элементтерін, әлеуметтік саясатты, қаржы құралдары мен цифрлық тетіктерді біріктіретін тұрғын үй саясаты туралы жаңа заң қабылдау қажеттігін атап өтті. Бұл құжатта жобалаушы мен құрылыс салушыдан бастап ғимараттарды жөндеу мен айналымнан шығару, эксплуатациялау органдарына дейінгі толық жауапкершілік тізбегі қамтылуы керек.
Сарапшы сондай-ақ қолайлы тұрғын үй стандарттарын енгізуді, бірыңғай цифрлық платформа құруды, тұрғын үй омбудсмені институтын енгізуді және адам құқықтарын қорғаудың сот жүйесі моделін белгілеуді ұсынды. Оның пікірінше, осы шаралар арқылы ғана тұрғын үй реформаларын жүйелі жүзеге асыруға болады.
Отырыста «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова баяндама жасады. Ол саланы реформалауға қатысты енгізілген түзетулер аясында Қазақстанда қалыптасқан тұрғын үй саясатын іске асырудың қазіргі жай-күйі мен проблемалық аспектілерін атап өтті.
Ләззат Ибрагимованың айтуынша, жалға берілетін тұрғын үйді автоматтандырылған жүйе арқылы бөлуде бірқатар заңнамалық кедергілер бар екенін анықтады. Атап айтқанда, әкімдіктер беретін тұрғын үй нормативтік талаптарға әрдайым сәйкес келе бермейді, үлестік меншік пен ерлі-зайыптылардың меншігін есепке алу мәселесі реттелмеген. Осы проблемаларды шешу үшін «Отбасы банк» тиісті заңға азаматтардың ауданы стандарттан тыс тұрғын үйге келісім беруін ескеруге, үлестік меншік туралы нормаларды нақтылауға, апаттық жағдайдағы үйлерді бөлу функцияларын жергілікті атқарушы органдарға беруге, сондай-ақ мұқтаж азаматтар базасындағы жұмысты оңтайландыруға, салымшыларға мемлекет сыйлықақылары бойынша дебиторлық берешекті өтеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін өзгерістер енгізуді ұсынады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Илья Скуб азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің өтініші негізінде тұжырымдалған бірқатар ұсынысты ортаға салды. Илья Скуб негізгі үш бағытты атап өтті. Ол: мүгедектерді үшін қол жетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету, пәтерлерді бейімдеу және орналасқан қабатын ескеру; есту қабілеті бұзылған азаматтардың қажеттіліктерін ескере отырып, өрт қауіпсіздігіне кепілдік беру; сондай-ақ олардың құқықтары қорғалуы үшін қамқорлықтағы адамдардың мүлікке иелік етуін бақылау.
Өз кезегінде, Петропавл өңірлік ПИК қауымдастығының төрағасы Сергей Худяков көппәтерлі үйлерді басқару сапасын арттыруға бағытталған шаралар пакетін ұсынды. Ол негізгі ұсыныстардың қатарында тұрғын үйге көмекақы лимитін арттыру қажет деген пікір білдірді. Сергей Худяков айтқандай, қазіргі таңда кондоминиум объектілерін басқару, күтіп ұстау, ағымдағы және күрделі жөндеу шығыстары үшін шаршы метріне 60 теңге қарастырылған. Бұл шектеу аз қамтылған азаматтарды үй қымбат күрделі жөндеуді қажет ететін кезде қорғану пен қолдау алу мүмкіндігінен айырады.
Сондай-ақ, сарапшы гранттар мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тақырыптарына көппәтерлі үйлерді күтіп ұстау мәселелері бойынша үй кеңестері мүшелерінің, тексеру комиссиялары мен қатардағы тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған жобаларды енгізуді ұсынды. Бұдан бөлек, кондоминиум нысандарын басқару сапасын жақсартуға арналған бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
Отырыста экономист, DESHT зерттеу орталығының басшысы Қуаныш Жайықов, Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова, сондай-ақ Қоғамдық палатаның өзге де мүшелері мен отырысқа қатысушылар тұрғын үй заңнамасын жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын жеткізді.
Жиынды қорытындылай келе, Айдос Сарым мемлекет пен заң шығарушылар тұрғын үй саласындағы кемшіліктерді ескеруге, қателерді түзетуге және қоғаммен бірлесіп неғұрлым тиімді нормаларды қалыптастыруға әзір екендігін атап өтті. Айтылған барлық ұсыныс пен сараптамалық пікірлер жүйеленіп, Қоғамдық палатаның қорытынды ұсынымдарына енгізілетін болады.
Отырыс аясында «Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры» ҚҚ ұйымдастырған ірі қалалар мен тұрғын алаптарының даму перспективаларына арналған көрме өтті.