Қазақстандық «Коппелия» Маскат Корольдік опера театрының көрермендерін тәнті етті
Маскат Корольдік опера театрында Ролан Петидің «Коппелия» балеті сахналанды. Оман тарапының арнайы шақыруымен барған «Астана Опера» театры көрерменге жоғары деңгейдегі кәсіби орындаушылық шеберлігін паш етті.
Екі күн ішінде балетті екі мыңнан астам көрермен тамашалады. Маэстро Руслан Баймурзин жетекшілік еткен оркестр қойылымның драматургиясын тереңдетіп, әсерлі музыкалық атмосфера қалыптастырды.
Омандық өнерсүйер қауым мен шетелдік меймандар қазақстандық труппаның өнерін зор ықыласпен қабылдады. Олар орындаушылықтың дәлдігін, артисттердің айқын образ жасауын, ансамбльдің мінсіз үйлесімін ерекше атап өтті. Маскаттық көрермендердің бірі қойылымды «сирек кездесетін пластика мен жоғары кәсіби шеберліктің үйлесуі» деп бағалап, жетекші солистердің ойын-өрнегі «толыққанды үйлесім әсерін сыйлағанын» жеткізді.
Гастрольдердің табысты өтуіне балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың еңбегі айрықша үлес қосты. Педагогтар мен репетиторлардың жүйелі дайындығының арқасында «Астана Опера» өзінің орындаушылық мектебін қалыптастырып қана қоймай, репертуарлық саясатында биік кәсіби талап пен бірізділікті тұрақты түрде ұстанып келеді.