Сарбаз сүйіктісіне көпшілік алдында ұсыныс жасады
Павлодар қаласынан әскер қатарына шақырылған сарбаз Валентин Таворский – Скрипников ант қабылдау салтанатында есте қаларлық сәт жасады. Салтанатты рәсімнен кейін ол төрт жыл бірге жүрген сүйіктісіне көпшіліктің алдында сөз салып, үйлену туралы ұсыныс айтты.
Қолына жүзік ұстаған сарбаз қанша адамның ортасында толқымай, сезімін ашық жеткізді. Ал оның сүйіктісі қуаныштан көзіне жас алып, ұсынысты қабылдады. Бұл әсерлі көрініс салтанатқа жиналған ата-аналар мен жауынгер жолдастарының да жүрегіне жылулық ұялатты. Көпшілік қос жасты қолдап, ұзақ қошемет көрсетті.
Әскери борышын өтеу – әр жігіт үшін жауапты кезең. Ал Валентин үшін бұл күн тек әскери ант қабылдаумен ғана емес, өміріндегі жаңа парақтың басталуымен де есте қалды. Жан-жақты қолдау көрсеткен ата-аналар мен сарбаздар салтанатты шараның шынайы атмосферасын сезіндірді.
Қуанышқа толы бұл сәт жас сарбаздардың өміріндегі ең жылы естеліктердің бірі болып қалары сөзсіз.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі



