Cемей-20°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
514.74 599.36 6.71

Мәжілісте қалдықтарды басқару мәселелері талқыланды

Бүгін, 10:27 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті «Қалдықтарды басқару және кәдеге жарату қаражатын тиімді пайдалану» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Комитет төрағасы Еділ Жаңбыршиннің жетекшілігімен өткен жиынға депутаттар, «Жасыл Даму» АҚ басшылығы, уәкілетті мемлекеттік органдардың, салалық бірлестіктердің өкілдері мен сарапшылар қатысты.

Бүгінде Мәжілісте депутаттардың бастамасымен әзірленген экологиялық мәселелер бойынша заң жобасы қаралуда. Еділ Жаңбыршин бұл құжаттың еліміздегі экологияға қатысты мәселерді шешуге бағыталғанын, онда қалдықтарды басқаруға және кәдеге жарату төлеміне қатысты мәселелер де қамтылғанын атап өтті.

Сондай-ақ комитет төрағасы соңғы кезде «Жасыл даму» акционерлік қоғамының утиль төлемдері арқылы жиналған қаражаттың  жұмсалу барысы талқыға түсіп, оны тиімді пайдалану мәселесі депутаттардың, сарапшылар мен қоғам белсенділерінің тарапынан жиі көтеріліп жүргенін еске салды.

– Осы ретте бүгінгі басқосу аясында көтерілген мәселелерге қатысты «Жасыл даму» АҚ-ның қалдықтарды басқару және кәдеге жарату төлемі, сонымен қатар экологиялық мәселелер бағытында қаржыландырылған инвестициялық жобалар, мемлекетіміздің экология саясатына қосқан үлесі, пайдасы, осы бағытта кездесетін кедергілер мен проблемалар, оларды шешу жолдары қарастырылмақ, – деді Е.Жаңбыршин.

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев министрлік әзірлеген Қалдықтардың барлық түрін басқару туралы тұжырымдамада қарастырылған негізгі шараларға тоқталды.

– Қалдықтың 30 пайызға жуығы есепте көрсетілмей, бақылау жүйесінен тыс қалып отыр. Кәсіпорындардың тек 10 пайызы есепті электронды форматта тапсырады. Мемлекеттік қалдықтар кадастрының деректері мен Геология комитетінің техногендік минералдық түзілімдерге қатысты дерегінің арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Сондықтан тұжырымдама аясында барлық қалдық түріне толық түгендеу жүргізу және мемлекеттік кадастрды жаңарту, барлық қалдық түзушіні ақпараттық жүйеге міндетті түрде тіркеу, саланы цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу жоспарланып отыр, – деді Ж.Әлиев.

Вице-министрдің айтуынша, қайта өңделмейтін қалдықтарды кәдеге жарату үшін Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 3 қоқыс жағу зауытын салу жоспарланған. Биыл қытайлық инвесторлармен тиісті инвестициялық келісімдерге қол қойылған, жалпы көлемі – 293 млрд теңге, құрылыс мерзімі – 2 жыл. Үш зауыт тәулігіне жалпы 3600 тонна қалдықты кәдеге жаратпақ.

«Жасыл Даму» АҚ басқарма төрағасы Ержан Серсенбайдың айтуынша, 2022 жылдан бергі нақты кірісті және 2025 жылға арналған жоспарды ескергенде, қайта өңдеу төлемдерінің жалпы көлемі шамамен 1,5 триллион теңгені құраған. Мемлекеттік бюджетке шамамен 175 миллиард теңге аударылды. Оның айтуынша, бұл көрсеткіштер «Оператор РОП» ЖШС функцияларын мемлекеттік компанияға беру нәтижесінде жасалған.

 Сонымен қатар, «Жасыл Даму» АҚ мәліметтері бойынша, 17 қараусыз қалған қауіпті қалдықтар орны сот шешімімен ұлттық меншікке берілген. Оның алтауы толығымен алынып тасталып, екеуі сатылған, ал тағы екеуі әкімдіктерге өткізілген. Қауіпті қалдықтарды кең көлемде тазарту жұмысы жүргізілген Ақтау пластмасса зауыты ерекше назар аударуға тұрарлық. Нәтижесінде 2023 жылдан 2025 жылға дейін 206 қалдық түрі жойылған.

«Қазақстанның қайталама шикізат өңдеушілер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Батырбек Әубәкіров жасыл сатып алым бастамасын енгізуді, қайта өңделген материалдардан жасалған қазақстандық тауарларды сатып алуға кемінде 5-10 пайыз квота белгілеуді ұсынды. Оның пікірінше, бұл жергілікті қалдықтардан өнім өндіруге мүмкіндік береді әрі шикізат тапшылығы мәселесін шешуге ықпал етеді.

Сонымен қатар қауымдастық басшысы саланы ынталандыру үшін қалдық жинау орындарының санын көбейтуді, қалдық жинаушыларға, соның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға салық жеңілдіктерін енгізуді ұсынды.

Талқылауда сондай-ақ «Рудный-АБАТ-2006» ЖШС басшысы Ринат Ишбулатов, «Қазақстанның шина өндірушілерінің, импорттаушыларының және өңдеушілерінің қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры Құндыз Бикина және қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жөніндегі сарапшы Аслан Құлмағамбетов те ұсыныстарын ортаға салды.

Депутаттар полигондардың нашар жұмыс істеуіне алаңдаушылық білдірді. Олардың тек 20 пайызы санитарлық нормаларға сәйкес келеді, ал қалдықты сұрыптау деңгейі өте төмен. Полигонға рұқсатты жаңартуды бақылау және қалдықтарды жою ақысын тиімсіз пайдалану мәселесі де талқыланды. Депутаттар қауіпті қалдықтарды жоюдағы бұзушылықтарға, сондай-ақ қалдықты тастағаннан бастап өңдегенге дейін бақылау жүйесін енгізу қажеттігіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар депутаттар екінші рет өңделетін ресурстарды жинау мен пайдаланудың тиімді жүйесін құру бастамасының болмауына байланысты Экология министрлігін сынға алды.

Жиын соңында Еділ Жаңбыршин мәселенің өте өзекті әрі шұғыл шешуді қажет ететінін айтып, министрлік әзірлеген тұжырымдаманы сынға алды. Сондықтан оны жан-жақты қарау үшін арнайы ведомствоаралық жұмыс тобын құруды ұсынды.

– Бұл мәселе ашық күйінде қалып отыр деп есептеймін. Министрлік тарапынан нақты шешім көре алмадық. Олар әзірлеген тұжырымдама жетілдіруді талап етеді. 2030 жылы біз қалдықтың 10 пайызын емес, керісінше 90 пайызын жоюымыз керек еді. Тұжырымдама соған бағытталуы қажет болатын. Экологиялық кодекс аясында да ұсыныстарды қарап, реттеп, сондай-ақ утиль алымдарын жұмсау бағыттарын нақтылауымыз қажет. Ең болмаса, қатты қалдықтарды басқаруды жөнге келтіруге тиіспіз, – деп қорытындылады комитет төрағасы.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив