Cемей-23°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
520.02 608.79 6.57

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Инклюзивті Ассамблея» жобасы аясында Абай облысында кеңейтілген кездесу өтті

Кеше, 09:45 Думан Кенжеғазыұлы

Семей қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының әлеуметтік бағыттағы «Инклюзивті Ассамблея» жобасы аясында «ҚХА қызметінде әлеуметтік бағдар беретін инклюзивті ортаны қалыптастыру» тақырыбында кеңейтілген кездесу ұйымдастырылды. Жиынға мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, білім беру мекемелерінің өкілдері, сондай-ақ жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – мүгедектігі бар азаматтарды қолдауға бағытталған бастамаларды дамыту, ҚХА құрылымдарына инклюзивті қағидаттарды кеңінен енгізу және қоғамда тең мүмкіндіктерді ілгерілету болды.

Іс-шара барысында инклюзивті білім беру тәжірибесі, әлеуметтік қолдау тетіктері, қолжетімді орта қалыптастыру және корпоративтік жауапкершілікті арттыру мәселелері талқыланды. Қатысушылар жобаның концепциясын іске асыру жолдарын қарастырып, өңірдегі инклюзивті бастамаларды бірлесіп дамытуға қатысты ұсыныстарын айтты.

Абай облысының ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлнұр Ыдырышева Ассамблеяның қоғамдағы рөлі мен жобаның маңыздылығын атап өтті.

– Биыл татулық пен тұрақтылықтың, бейбітшілік пен жасампаздықтың жаршысы болып отырған бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде Ассамблеяның 13 жобасы табысты жүзеге асырылып келеді. Биыл басталған «Инклюзивті Ассамблея» жобасы – сол бастамалардың жалғасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, мемлекет азаматтарға тең мүмкіндік берген кезде ғана әділдік орнайды. Бүгінгі шара да осы идеямен үндеседі. Жобаның мақсаты – тіліне, дініне, этностық ерекшелігіне қарамастан, ешкімді бөліп-жармай, барша азаматты ортақ іске жұмылдыру. Абай облысында бұл бастама нәтижелі жүзеге асады деп сенемін, – деді ол.

«Абай облысының білім басқармасы» ММ «Облыстық инновациялық-әдістемелік орталығы» КММ инклюзивті білім беру бөлімінің басшысы Гүлмира Увалиева өңірдегі инклюзивті білім беру бағытындағы жұмыстар туралы ақпарат берді.

– Абай облысында инклюзивті білім беру – әр балаға сапалы әрі қолжетімді білім алуға жағдай жасауды көздейді. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін қолжетімді орта қалыптастыру және олардың әлеуметтік, эмоционалдық, академиялық дағдыларын дамыту – басты міндеттердің бірі. Қазақстан Республикасының 2025–2030 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын іске асыру аясында 2025–2027 жылдарға арналған арнайы және инклюзивті мәдениетті қалыптастыруға бағытталған кешенді жоспар қабылданып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді, – деді ол.

Кездесу қорытындысында қатысушылар инклюзивті қоғам құруға бағытталған ұсыныстармен бөлісіп, ашық диалог өткізді. Сонымен қатар шығармашылық бағдарлама ұсынылып, музыкалық туындылар орындалды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив