Cемей-16°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
490.58 584.77 6.34

Сенатта ветеринария қызметін жаңғыртудың келешегі талқыланды

11-12-2025, 13:55 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатында ветеринария қызметінің жай-күйі мен даму келешегі мәселелеріне арналған Үкіметтік сағат өтті. Оған Сенат депутаттары, Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығы, халықаралық ұйымдар мен ғылыми мекемелердің, салалық қауымдастықтардың өкілдері, сондай-ақ өңірдегі ветеринария қызметтерінің басшылары қатысты.

Отырысты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев ашып, ветеринария қызметін дамыту еліміздің азық-түлік және биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі шарты болып табылатынын атап өтті. Ол нормативтік базаны жетілдіру, мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру және кадр әлеуетін нығайтумен қоса саланы жүйелі түрде жаңғырту қажеттігін атап өтті.

«Бүгінде биологиялық қауіпсіздік мәселесі ұлттық қауіпсіздіктің бір бөлігіне айналды. Ветеринариялық қызметті нығайту салалық мәселе емес, мемлекеттің стратегиялық мәні бар екеніне көз жеткіздік. Еліміздегі мал басының өсуі, экспорт бағытының кеңеюі, климаттық өзгерістердің күшеюі ветеринариялық қызметтің жедел, сапалы және ғылыми негізделген жұмысын талап етіп отыр. Адам денсаулығын, азық-түлік нарығының тұрақтылығын және Қазақстанның жаһандық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін осылай ғана қорғай аламыз», - деді Әли Бектаев.

Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Аманғали Бердалин өз баяндамасында эпизоотиялық жағдайдың жай-күйі, зертханалық инфрақұрылымды дамыту, материалдық-техникалық базаны жаңарту және саланы цифрлық трансформациялау барысы туралы өзекті ақпаратты жария етті. Кадр даярлау, зертханаларды жаңғырту және мемлекеттік бақылау тетіктерін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының Орталық Азия бойынша өкілі Мереке Тайтубаев халықаралық стандарттарды сақтаудың, өңірлік ынтымақтастықты кеңейтудің және биоқауіпсіздік шараларын нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры Асқар Наметов ветеринарлық мамандарды даярлау жүйесіндегі қазіргі жағдайға талдау жасап, оны одан әрі жетілдіру келешегін белгіледі.

Сенатор Арман Өтеғұлов зертханалық қуаттардың заманауи талаптарға сәйкес келмеуін, ақпараттық жүйелердің интеграциялануы төмендігін және эпизоотиялық мониторингті күшейту қажеттігімен қоса институционалдық және ұйымдастырушылық негізгі қауіптерге назар аударды.

«Біз бүгін қараған талдау мынаны көрсетеді: функциялардың бытыраңқылығы, мамандардың жетіспеушілігі және бірыңғай цифрлық базаның болмауы Қазақстандағы ветеринария саласына жүйелі қауіп туғызады. Бұл енді жеке саланың мәселесі емес – бұл бүкіл саланы басқару және сыртқы нарықтағы өнімдерімізге деген сенім мәселесі. Шешімдер тез қабылданатын, деректер ашық, жауапкершілік нақты бөлінген ветеринария қызметіндегі осындай үлгіні қалыптастыру – біздің міндетіміз», - деп атап өтті Арман Өтеғұлов.

Үкімет сағаты барысында ветеринария қызметін жетілдірудің негізгі бағыттары, оның ішінде мал басын есепке алудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру, ветеринария қызметінің кадрлық әлеуетін арттыру, биологиялық қалдықтарды кәдеге жарату объектілерінің бірыңғай цифрлық тізілімін қалыптастыру үшін мал қорымдары бойынша деректерді цифрландыру, сондай-ақ ветеринарияға цифрлық шешімдерді одан әрі енгізу мәселелері назарға алынды.

Әли Бектаев отырысты қорытындылай келіп, ветеринария қызметінің стратегиялық маңызын атап өтті. Ол белгіленген шараларды жүйелі іске асыру, мекемеаралық өзара іс-қимылды кеңейту және кадр даярлығын нығайту қажеттігіне тоқталды.

Талқылау барысында айтылған барлық ұсыныстар одан әрі пысықтау үшін Үкіметке жіберілетін болады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив