ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Абай облысына жұмыс сапарымен келді
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Абай облысына сапары барысында Шүлбі ГЭС-нің жұмысын тексеріп, өңірдегі бірқатар ірі өндірістік кәсіпорындардың қызметімен танысты.
Қуаты 702 МВт Шүлбі гидроэлектростансасы Шүлбі кентінің жанындағы Ертіс өзенінде орналасқан. Ол қуаты жағынан Ертіс ГЭС каскадындағы үшінші және Қазақстандағы ең ірі станса болып табылады. Станса Ертіс өзенінің ағынын реттеуге және Үлбі мен Уба өзендерінің ағындарын жинақтауға арналған.
Қазіргі уақытта ГЭС-те негізгі жабдықтың жағдайын нақты уақыт режимінде бақылауға және ақауларды ерте кезеңінде анықтауға мүмкіндік беретін кеңейтілген диагностиканың пилоттық жобасы іске асырылуда. Жоба жоспардан тыс тоқтап қалу жағдайларын азайтуға және стансаның апатсыз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге арналған.
«Станса басшылығы Шүлбі ГЭС-інің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және оны жаңғырту үшін бар күшін салуы тиіс. Стансаның қуаттылығын арттыру жөніндегі жоспарлар іске асыра отырып, жақсы нәтижелерге ұмтылу қажет. Бұған қоса, жалақы мәселесін шешу керек, біз «Самұрық-Энерго» алдына осындай міндет қоямыз», - деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының назарына энергетика және су саласындағы жобалар, соның ішінде 3-ЖЭО, Шүлбі ГЭС қуатын 350 МВт-қа арттыруға мүмкіндік беретін Ертіс өзеніндегі контрреттегіш және жаңа қосалқы стансалардың жобасы ұсынылды. Премьер-Министр инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту өңірдің қарқынды дамуы тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.
«Жаңа әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындар, түрлі инвестициялық жобалар іске қосылады. Энергияға деген сұраныс арта береді. Сондықтан өсіп келе жатқан экономиканы энергиямен қамтамасыз етуге дайын болу үшін барлық қуат көздері мен желілерді қалыпты жағдайға келтіруіміз керек», — деді ол.
Бұдан кейін Әлихан Смайылов жылына 10 тоннадан астам концентраттағы алтын өндіретін Жарма ауданында орналасқан Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнында (Polymetal) болды. Мұнда орналасқан кен-байыту фабрикасының жабдықтары заманауи өлшеуіш құралдарымен және жергілікті автоматикамен жабдықталған. Негізгі өндірістік процестерді бақылау – кенді ұнтақтаудан бастап дайын өнімді шығаруға дейін – бірыңғай диспетчерлік пункттен жүзеге асырылады.
Қазіргі уақытта кәсіпорында 1500-ден астам штаттық қызметкер жұмыс істейді. 2022 жылы зауыт жылына 2,2 млн тонна кен өңдей алатын қуатқа шықты. Әрі қарай бірыңғай тау-кен өндіру және өңдеу кешенінің өнімділігін жылына 2,4 млн тоннаға дейін арттыру жоспарлануда.
Үкімет басшысы мүдделі министрліктерге «Атамекен» ҰКП және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өндірістік кәсіпорындарды қолдау, инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасау және жалпы экономиканы дамыту бойынша жұмыстарды жалғастыра беру қажеттігін айтты.
«Бизнестің проблемаларын жедел шешіп, оның дамуын тежейтін кедергілерді анықтау керек. Бұл салық салуға, кейбір әкімшілік мәселелерге, мысалы, рұқсатнама немесе басқа құжаттарды беруге қатысты болуы мүмкін. Іскерлік белсенділіктің артуын ынталандыру үшін бұл процестерді оңтайландыру қажет», – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ Премьер-Министр май өндіретін «Qazaq Astyq Group» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Зауыт тәулігіне 1000 тоннаға жуық күнбағыс тұқымын немесе 800 тонна рапс немесе зығыр тұқымын өңдей алады. Алдағы уақытта дайын өнім ішкі нарыққа және көршілес елдерге жөнелтіледі. Бүгінде мұнда тазартылған май шығаруға мүмкіндік беретін құны 7 млрд теңге болатын жаңғырту жобасы әзірленуде. Оны жүзеге асыруға қажетті қаржының басым бөлігін мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы тарту жоспарланған.
Әлихан Смайылов әкімдікке ішкі нарықты негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етіп, экспорттағы үлесті арттырып отырған осындай өңдеуші кәсіпорындарға белсенді түрде көмек беру керектігін атап өтті.
«Осындай жобалардың санын арттыру қажет, кейін бұл ауыл шаруашылығы саласына оң мультипликативті әсерін тигізеді. Үкімет мұндай кәсіпорындарға алдағы уақытта да жан-жақты қолдау көрсетеді», – деді Премьер-Министр.
Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков Үкімет басшысын Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде өңірдегі тауарлы-сүт фермаларын кеңейту және ауыл тұрғындарына 2,5% жеңілдетілген шағын несие беру жоспарлары туралы хабардар етті (жеке қосалқы шаруашылықтарды қаржыландыру маусым айында күтілуде). Сондай-ақ әкім орынбасары биыл суармалы жер көлемін ұлғайтуға, жаңа өңдеу кәсіпорындарын ашуға және ауыл шаруашылығы түліктерінің тұқымын жақсартуға бағытталған жалпы құны 5,6 млрд теңге болатын 9 инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысы жайлы баяндады.