Cемей-1°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
495.2 522.34 4.94

Шәкәрім шаңырағының ғылыми тынысы және инновациялық әлеуеті

12-04-2023, 09:59 SHAKARIM UNIVERSITY

Жыл сайын 12 сәуір күні елімізде ғылым қызметкерлері күні аталып өтіледі. Мереке күні кездейсоқ таңдалмаса керек. Себебі атаулы күн Қазақстандағы ғылыми қызметті ұйымдастырудың бастауында тұрған тұлға, Қаныш Имантайұлы Сатбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келеді. 

Ғылыми-зерттеу – білім берумен қатар университеттегі негізгі қызметтердің бірі екені белгілі. Қазіргі уақытта кез келген университеттің ең құнды активі – профессорлық-оқытушылық құрам (ПОҚ). Себебі білім беру қызметінің жетістігі ПОҚ жұмысының біліктілігі, сапасы және тиімділігімен өлшенеді. Ал университеттің жетістігі оқу орнының бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді.

Қазіргі таңда университет қызметкерлерінің саны 970 адамды құрайды. Оның 52% - ы ғылыми дәрежеге ие тұлғалар, яғни 18-і ғылым докторы, 115-і ғылым кандидаты, 41-і PhD докторлар.

Жыл сайынғы «Үздік оқытушы»  конкурсында соңғы екі жылдың нәтижесі бойынша 11 адам аталмыш атақтың иегері атанды.

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың ғылымды басқару жүйесін жаңғырту, ғылыми әлеуеттің сапасын арттыру, инновациялар енгізу және қаржыландыру туралы тапсырмасы бойынша маңызды міндеттердің бірі – мықты және бәсекеге қабілетті ғылыми кадрлар даярлау. Ғылыми әлеует – өз алдына орнықты және қауіпсіз дамудың маңызды ресурсы мен кез келген елдің тарихи перспективаларын айқындайтын факторлардың бірі.

Осы тұрғыдан келгенде, университетте соңғы екі жылда 19 докторлық диссертация қорғалып, PhD дәрежесі алынды. Соңғы жылдары жас кадрлардың айтарлықтай ағыны байқалады. Қазіргі таңда университетте 35 жасқа дейінгі 126 қызметкер жұмыс істейтіні болашақтан үлкен үміт күттіретіні сөзсіз.

Университеттегі ғылыми қызметтің тиімді жүзеге асуының негізгі көрсеткіштерінің бірі – жарияланым белсенділігі екені белгілі. Жарияланым белсенділігі – автордың немесе ғылыми ұжымның ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижесі, атап айтқанда, журнал мақаласы, ұжымдық жинақтағы мақала, ғылыми конференция еңбектеріндегі баяндама, авторлық немесе ұжымдық монография. Жарияланымның болуы белгілі бір жағдайларда, атап айтқанда, автордың ғылыми зерттеулер мен ғылыми тағылымдамаларға гранттар алуы, академиялық және ғылыми дәрежелер мен атақтар, біліктілік санаттарын беру кезінде, сондай-ақ номинанттардың кәсіби белсенділік деңгейін бағалайтын түрлі конкурстар өткізу шеңберінде жеңімпазды айқындау кезінде міндетті шарт болып есептеледі.

Жарияланымдардың тұрақтылығына қызметкерлер ғана емес, университет те мүдделі. Себебі ұйым ғылыми қызметті жүзеге асыру бойынша аккредитациядан өтуде, ғылыми және білім беру мекемелері арасында рейтинг шығарып жеңімпаз анықтауда, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге конкурстық өтінімдер беруде ғылыми өнім саны негізгі индикатор – көрсеткіш болып саналады.

Мәселен, 2021 және 2022 жылдары университет ПОҚ-ның 25 монография, 71 оқу құралы, 52 оқу-әдістемелік құрал, 1317 ғылыми мақалалар мен баяндама тезистері жарық көріп, ҚР Авторлық құқық объектісіне құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы 44 куәлік, 17 патент және пайдалы модельге ҚР патентін беру туралы 6 оң шешім алынды.

Жеке жарияланым мансабы ғылыми қоғамдастықта ғалымды әлемдік деңгейге көтеру, рейтингтерде лайықты орын алу мен ұлттық және халықаралық білім беру нарығында сәтті бәсекелесе алу үшін қалыптастырылады. Осы мақсатта ғалымға ғылыми қызметті жандандыру және өндірілетін ғылыми өнімнің сапасын арттыру аса маңызды болмақ. Қазіргі уақытта Қазақстанда, басқа елдердегідей, халықаралық деректер базасына кіретін басылымдарда ғалымдардың жарияланымдық белсенділігін жандандыруға аса мән берілуде.

Атап айтқанда, университет ғалымдары соңғы екі жыл ішінде Scopus базасында 140 мақала және Web of Science-та 52 мақала жариялады. Шәкәрім университетінің 187 оқытушысында ғалымның ғылыми өнімділігін бағалайтын ғылыми көрсеткіш – Хирша индексі бар.

Ал университеттің ғылыми қызметінің негізгі бағыттары 1) сапалы ғылыми кадрлар даярлау; 2) ғылым, білім беру, техника мен технологияларды дамытудың басым бағыттары бойынша ғылыми зерттеулерді дамыту; 3) ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу және оларды коммерцияландыру болып табылады.

Бұл ретте, университетте жалпы сомасы 1 млрд. Теңгеге жуық 16 қаржыландырылатын ғылыми жоба жүзеге асырылуда, бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 27 есе жоғары, 2021 жылы қаржыландыру сомасы 29 млн. теңгені құраған еді.

Сонымен қатар ҚазҒЗИ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібінің Семей филиалымен «Функционалдық бағыттағы ет өнімдерін өндіруде ІҚМ және құс етінің қайталама шикізатын өңдеудің ресурс үнемдейтін технологиясын әзірлеу» тақырыбы бойынша бағдарламалық-нысаналық бірлескен ғылыми жоба іске асырылуда, қаржыландыру көлемі 75 млн.теңгені құрайды.

2022 жылы алғаш рет жас ғалымдардың іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерін ынталандыруға арналған  гранттық қаржыландыруға конкурс жарияланған еді. Оның шеңберінде жалпы сомасы 130 млн. теңгеден астам 7 жоба, оның ішінде «PlasmaScience» ЖШС-пен 2 бірлескен жоба іске асырылуда.

2022 жылы университет шамамен 16 млн. теңге көлемде білім алушылар мен ПОҚ-ның 10 стартап-жобасын қаржыландыруды жүзеге асырды. 2022-2023 оқу жылында қаржыландыру сомасы 30 млн. теңгеге дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ 3 млн. теңгеден астам сомаға жас ғалымдардың ішкі гранттарын қаржыландыру жүзеге асырылуда.

Ғылыми қызметтің негізгі тетігі ретінде университетте ғылыми-зерттеу орталықтары жұмыс жасайды. Аймақта полигонның жақындығы «Радиоэкологиялық зерттеулер» ғылыми орталығының бағытын анықтап берді. Зертхана радиоактивті ластанулардың мөлшерін анықтауға арналған заманауи жабдықтармен жабдықталған. Қазіргі уақытта сүттегі ауыр металдардың құрамын анықтау үшін биосенсор әзірлеу бойынша ғылыми жоба жүргізілуде.  Бұл жобаның нәтижесі сүттегі ауыр металл иондарының концентрациясына сезімтал бірегей сенсор болуы керек. Сондай-ақ, шаруа қожалықтарын қалдықтардан, жануарлардың көңінен, өсімдіктерден, тамақ қалдықтарынан және басқа да органикалық заттардан өндірілетін биогазбен қамтамасыз ету үшін дербес автоматтандырылған биогаз қондырғысын әзірлеу бойынша жоба орындалуда.

2022 жылдың 23 желтоқсанында Шәкәрім университетінің «Радиоэкологиялық зерттеулер» ғылыми орталығының жанынан «Материалдардың бетін түрлендіру» ғылыми орталығы ашылды. Орталық университеттің «PlasmaScience» ЖШС компаниясымен жасалған серіктестік меморандумының жемісі болып табылады. Бұл бастама іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізуде зерттеушілер мен мамандардың мүмкіндіктерін үйлестіруге ықпалын тигізеді.

Орталықтың құрылуы ЖОО-ның инфрақұрылымдық дамуына елеулі үлес қосты. Оның негізінде жалпы сомасы 300 млн. теңгеге жуық 4 жоба іске асырылуда. Жобалардың арқасында 3 зертхана жабдықталды. 25 бірлік ғылыми жабдықтар мен зертханалық жиһаз сатып алынды. Қазіргі уақытта орталықтың құрамында университеттің жас ғалымдары, оқытушылары, докторанттары мен магистранттары, жалпы жиыны 9 қызметкер жұмыс істейді. Жобаларды іске асыру университеттің ғылыми әзірлемелерінің сапалы өсіміне әкеледі. Заманауи ғылыми жабдықтарды пайдалана отырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау үшін білікті кадрлар даярланатын болады. Іргелі және қолданбалы зерттеулер кезінде ресурстарды біріктірудің жинақталған тәжірибесі жаңа материалдар мен конструкцияларды құрудың ауқымды міндеттерін шешуге мүмкіндік береді.

«Агротехнопарк» ғылыми орталығы – агроөнеркәсіптік кешенге отандық инновациялық технологиялар мен жаңа ғылыми әзірлемелерді енгізумен айналысады. Ғылыми орталықтың құрылымында тұқым сапасын бағалаудың ғылыми зертханалары, ауыл шаруашылығы жануарларын азықтандыру және нормаланған азықтандыру сапасын бағалау зертханасы, ауыл шаруашылығы жануарларын қолдан ұрықтандыру зертханасы, эпизоотологиялық зерттеулер, ветеринариялық-санитариялық сараптама зертханасы, ветеринариялық клиника, ветеринариялық дәріхана және қажетті зертханалық жабдықтары мен аспаптары бар ара шаруашылығы бөлімшесі жұмыс жасап тұр.

Сонымен қатар қазіргі уақытта «Агротехнопарк» ғылыми орталығының базасында «Тұйық сумен жабдықталған қондырғыда балық өсіру», «Бөдене шағын фермасы», «Ландшафты дизайн элементтері бар сәндік гүл өсіру» тәрізді бірнеше Start Up жобалары іске асырылуда.

«Абай және ұлттық руханият» ғылыми орталығы – Абайтану, Шәкәрімтану, Әуезовтану, әдеби өлкетану және өңір тарихы мәселелерімен айналысады. Қазіргі таңда орталықта жалпы қаражаты 88 млн.теңгені құрайтын «Абай қарасөздерінің тезаурусы», «Алаш идеясының жаһандық интерпретациясы (А. Байтұрсынұлы аудармалары негізінде)» атты ғылыми жобалар орындалып, наукометриялық базаларда орын алатын ғылыми басылымдарға мақалалар әзірленуде.

Ғылыми қызметті реттеуші орган ретінде университетте Ғылыми-техникалық кеңес жұмыс жасайды. Ғылыми-техникалық кеңес – ғылыми-зерттеу жұмыстарын үйлестіруді жүзеге асыратын консультативтік-кеңесші орган болып табылады. Кеңес құрамына ғылым салалары бойынша университеттің жетекші ғалымдары мен мамандары кіреді.

Ғылыми қызметтің ұзақ жылғы нәтижесі ретінде университетте техникалық және гуманитарлық ғылымдар саласындағы жетекші ғалымдардың екі ғылыми мектебі қалыптасқан: профессор Е.Т. Төлеуовтың «Тамақ өнеркәсібінің техникасы мен технологиясы» ғылыми мектебі және профессор А.С. Еспенбетовтың «Әдебиет өлкетану» ғылыми мектебі.

Университеттің ғылыми қызметінде Халықаралық ынтымақтастық та  маңызды орын алады. 2022-2023 жылдары университетте 15 елдегі (Түркия, Франция, Польша, Болгария және т.б.) университеттермен 32 меморандум жасалды. Қазіргі уақытта 20 елдегі 50 меморандум нақты жұмыс жасап тұр.

ҚР ҒЖБМ-нің оқу үдерісіне шетелдік профессорларды тарту бағдарламасына сәйкес 2022 жылы университетте Финляндия, Түркия және Мажарстан елдерінен келген 5 шетелдік ғалым нәтижелі жұмыс атқарды. Қазіргі таңда аталған ғалымдар магистрлік, докторлық диссертацияларға кеңесшілік етіп, университет ғалымдармен бірлескен жобаларға қатысып, ғылыми мақалалар әзірлеуде.

2022 жылдың қыркүйегінен бастап университетте түрлі бағдарламалар бойынша еріктілер білім беру қызметі жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, қазіргі уақытта университетте АҚШ пен Түркиядан келген 2 ерікті оқытушы жұмыс жасап жатыр. 2023 жылдың сәуір айында Германиядан инклюзивті білім беру  саласы бойынша сарапшы ғалым күтілуде.

Соңғы уақытта, карантин кезеңінен кейін, сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасы белсенді дамып келеді. Академиялық ұтқырлықты салыстырмалы талдау көрсеткендей, 2022-2023 оқу жылында ұтқырлық бойынша кеткендердің жалпы саны 2021-2022 жылмен салыстырғанда 52% - ға өсті. Яғни 2021-2022 оқу жылында 29 адам болса, биыл 44 адамды құрады.

2022-2023 оқу жылында студенттерді академиялық ұтқырлық бойынша шетелдік университеттерге баруға ынталандыру мақсатында тілдік курстар ашылды. Бүгінгі таңда барлық тілек білдірген студенттер, оқытушылар және университет қызметкерлері ерікті оқытушылар тарапынан ағылшын және түрік тілдерін тегін үйренуде.

Сонымен қатар, университетте халықаралық жобаларды дамыту бағытында оң нәтижелер көріп отырмыз.

Мәселен, 2021-2022 оқу жылында университетте Польшадағы  Быдгощ университетімен серіктестікте «Аймақтағы Rita-трансформациялар» сүт безі қатерлі ісігінің өзін-өзі диагностикалау әдістері» және Еуропалық Одақтың Эразмус+бағдарламасы қаржыландыратын «KazDual – Қазақстанда дуалды жүйені енгізу»  2 халықаралық жобасы іске асырылды.

Ал 2022-2023 оқу жылында олардың қатары тағы «Шекарасыз академиктер» БҰҰ және Калгари университетінің жобасы, «Қазақстан және АҚШ университеттерінің серіктестігі 2023» және «Эразмус + Еуропалық Одақ бағдарламасы» тәрізді 3 ғылыми жобамен толықты. Атап айтқанда, БҰҰ қаржыландыратын «Шекарасыз академиктер»  жобасының мазмұнына сәйкес 2023 жылдың 19-24 маусым аралығында Канаданың Калгари университетімен серіктестікте – Шәкәрім университетінің оқытушылары мен докторанттарының зерттеу әлеуетін арттыру шаралары жүзеге асырылатын болады. Сонымен бірге «Қазақстан және АҚШ университеттерінің серіктестігі 2023» ғылыми жобасы  аясында АҚШ-тың Арканзас университетімен серіктестікте Шәкәрім университеті құс шаруашылығына әсер ететін жаңартылатын энергия технологияларын пайдалану есебінен Қазақстанда магистрлік бағдарламаларды жетілдіру жұмыстарын атқаратын болады. Эразмус + Еуропалық Одағының бағдарламасы аясында Түркия – Италия – Қазақтан елдерінің университеттері арасында ауылшарушылығы бағытын дамытуға арналған жоғары білім саласындағы ұтқырлық жобасы жүзеге асырылатын болады.

Айта кететін тағы бір мәселе – білім алушылардың ғылыми шығармашылық дамуы. Қазіргі қазақстандық білім беруді жаңғырту үдерісінде университетте болашақ мамандардың шығармашылық дамуы үшін жағдай жасау жүйесі жолға қойылған. Себебі студенттер арасынан Болашақ ғылыми-техникалық элитаны қалыптастыру – маңызды әлеуметтік-экономикалық міндет және елдің прогрессивті дамуының шарты.

Бұл ретте біздің университетте студенттік ғылымға аса мән беріліп,  оның жұмыс істеу жүйесінің жолға қойылғанын айта аламыз. Шәкәрім университетінде студенттердің ғылыми-зерттеу қызметінің рейтингі олардың ғылым жасауға қатысу үлесін есептеуге мүмкіндік берді.  Мәселен, рейтинг нәтижесінде студенттердің ҒЗЖ-ға қатысуының орташа пайызы 48%-ға тең екені анықталды. Университетте жалпы жиыны 28 студенттік ғылыми үйірмеде мыңға жуық білім алушы жұмыс істейді.

Сондай-ақ, жыл сайын студенттеріміз халықаралық, республикалық конференциялардың, олимпиадалардың, конкурстардың жеңімпаздары атанады, тек 2022 жылдың өзінде 150-ден астам студент жүлдегер атанды. Мұның бәрі университеттің сапалы, білікті және білімді ПОҚ-тың қажырлы еңбегінің нәтижесі деп білеміз.

Біз өз ісіне берілген және ғылымның дамуына үлкен үлес қосатын ғалымдарымызды мақтан тұтамыз!

Жанар ҚАЛИБЕКҚЫЗЫ,

«Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті» КеАҚ-ның Басқарма мүшесі – ғылым және инновация жөніндегі проректоры, биология ғылымдарының кандидаты, қауымд. профессор


Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив