ПРОФЕССОР АЙМАН ТОҚСАМБАЕВАНЫҢ ҰСТАЗДЫҚ, ҒАЛЫМДЫҚ КЕЛБЕТІ
«Мен ескінің арты едім» деп жаңару жолын бастаған Абай хакімнің қайраткерлік қуаты ұлт рухын оятқалы елімізді жаңа белеске көтерді.
Шыңғыстау топырағы әдебиеттің алтын ұясына айналды. Ұлылар туған өлке деген құрметті атауға әбден қанықты.
Айман Омарқанқызы Тоқсамбаева сөз киесі қонған Абай елінің Саржал ауылында 1963 жылы 29 қаңтарда өмірге келді. Бүгінде біздің әріптесіміз Айман Омарқанқызы асқаралы 60 жасқа толып отыр. Бұл расында адамның мен не тындырдым, өмір жолымда қандай жетістіктерім бар деген сындарлы оймен өзіне де, елге де есеп берер мағыналы кезеңі.
Кеңестік дәуірден бері республикамызда Семей білімі аса беделді қаланың бірі болды әлі де солай екені даусыз. Айман Тоқсамбаева биік мәртебені берік ұстап отырған қара шаңырақ, Семейдің Н.К. Крупская атындағы педагогикалық институтында 1985-1990 жылдары білім алды. Ол кісінің жоғары оқу орындарында атқарған ғылыми-педагогикалық еңбек өтілі 35 жылдан асады.
Айман Омарқанқызы Тоқсамбаева педагог маман ретінде кәсіби өсудің барлық сатысынан өткен. Отбасылы болып өмірге тұңғышы келсе де институтты күндізгі бөлімде оқып бітірген Айман Омарқанқызы жастық жалынмен кіріскен сүйікті мамандығына адал болып, еңбек жолын педагогикалық институттың қарапайым оқытушысынан бастап, аға оқытушы, доцент, профессор дәрежесіне дейін өсті.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай сүйінген оқытушылық тәжірибе білімнің түбі көрінбес теңіз тәрізді терең қасиетін адамның бойына дарытады. Қазіргі ұшқыр уақыттың талабына сай бейімделе білген, рухани қалыптасқан кәсіби маман Айман Омарқанқызы өз біліктілігі мен білімін үнемі толықтырып отыратын, ғылыми-зерттеу қызметіне белсенді араласатын оқытушы.
Әдебиеттің жүгі қашанда ауыр. Әсіресе тарихи тақырыптарға жазатын жазушылардың шығармаларын талдау зерттеушіден инемен құдық қазғандай мұқияттылықты талап етсе керек. Онсыз оң нәтиже бермесі анық.
Айман Тоқсамбаева 2007 жылы Абай атындағы Алматы Ұлттық педагогикалық университетінің жанынан құрылған диссертациялық кеңесте 10.01.02 – қазақ әдебиеті мамандығы бойынша «Мұхтар Мағауин хикаяттарындағы ұлттық характер» тақырыбында филология ғылымдарының докторы, профессор Б. Әбдіғазиұлының ғылыми жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.
«Қобыз сарынымен», жыраулар жырының киесімен ұлтсыздану дәуіріне қарсы тұрған мықтылардың бірі біздің жерлесіміз Мұхтар Мағауин болатын. Тақырып таңдаудың өзі ғалымның қандай салаларға қызығуы басым екенін айқын аңғартады. Бұл ұлттық асқақ рух, салт-дәстүр, дүниетаным, елдік идеологияны терең қамтитын проза. Әркімнің тісі бата бермейтін салаға бару да Айман Омарқанқызының тағы бір қырын танытса керек.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің 2010 жылдың 23 кыркүйектегі №8 хаттама шешімімен Тоқсамбаева Айман Омарқанқызына әдебиеттану мамандығы бойынша доцент ғылыми атағы берілді. Профессор ғылыми атағы ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің 2017 жылдың 18 шілдедегі №1052 бұйрығымен бекітілді.
Бейнетсіз еңбек жоқ, ал бейнеттің зейнеті, мәуелі ағаштағы бұтақтар тәрізді түйін салған жемістері болады. Соларды саралай, жіктей айту да бізге парыз. Себебі адам біздің қоғамда өз орнын еңбегімен иемденеді, білімімен қадір-құрметке бөленеді. Осы орайда Айман Омарқанқызының екінің біріне беріле бермейтін аса бір еңбекқорлық қасиетін баса айтқым келеді.
Айман Тоқсамбаева 2010 жылы жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін «Зор еңбегі үшін» медалімен және 2016 жылы Шәкәрім университетіне сіңірген ерекше еңбегі үшін «Шәкәрім» медалімен, 2018 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан зор жеке үлесі үшін» Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің алғыс хатымен, 2019 жылы Білім және ғылым саласына қосқан айырықша еңбегі үшін «Қазақстанның құрметті профессоры» төсбелгісімен (Куәлік №047), 2020ж.12 желтоқсанда ұрпақ тәрбиесі мен еліміздің білім беру ісіне қосқан үлесі үшін «Қазақстанның үздік ұстазы» орденімен марапатталған. Ғылыми және педагогикалық қызметіндегі жетістіктері үшін 2011 және 2022 жылғы «Жоғарғы оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының 2 мәрте иегері.
2010-шы жылдың 27 сәуірінен Халықаралық педагогикалық білім ғылым академиясының корреспондент мүшесі (МАНПО).
Білім және ғылым министрлігінің алғыс хаты, облыс әкімінің мақтау қағазымен, Семей қаласы әкімінің алғыс хаты, білім бөлімінің мадақтамаларымен бірнеше мәрте марапатталған.
Ғалым әдебиеттану ғылымының жоғары оқу орнының талабына сәйкес жаңарып, жаңғырып отыратын әдеби үрдістерді қалт жібермейді. Тоқсамбаева Айман Омарқанқызы 9 оқу құралының, 2 оқулықтың, 2 монографияның авторы, 14 зияткерлік меншік объектісі куәліктерінің иесі. Мұндай сара жолда жүру бір бақыт. Осындай шығармашылық еңбек еншісіне тиген профессор А. Тоқсамбаева 1990 жылдан 2022 жылға дейінгі аралықта 157 халықаралық және республикалық конференцияларда, семинарларда баяндама жасаған. Мұның бәрі төккен тер, қажымас қайрат, зор жігердің, талмас еңбекқорлықтың арқасында екенін тағы да баса айтқым келеді. Сонымен қатар «Шәкәрім», «С.Торайғыров» тұлғалық энциклопедияларының авторларының бірі. Жиыны 255 ғылыми еңбектің авторы.
2016 жылдың 11-25 наурызы аралығында Туркия мемлекетінің Денизли қаласындағы «Памукалия» университетінде «Қазақ әдебиеті тарихының түрік әдебиетімен байланысы» деген тақырыпта дәріс оқыды.
Мұндай халықаралық кеңістікке шығу жан-жақты шығармашылық байланыс орнатып, өз тәжірибесімен бөлісіп әрі өзгелерден үйрене білу деген сөз. Білім нұрымен байыған сайын өмірдің мән-мағынасы да, қасиеті де арта түспек.
Айман Омарқанқызы университет ғылымының дамуына, оқу үдерісіне, мәдени және басқа да қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде араласып келеді.
Айман Омарқанқызының тамаша ұстаздық, тәлімгерлік, дәріскерлік қасиеттерін ерекше атап айтқым келеді. Әдебиет тарихынан оқыған дәрістерінің мазмұны терең, ғылыми өрісі кең, тыңдаушыға тартымды да, әсерлі. Профессор Айман Омарқанқызы дәрістерінің жинақы, логикасы көкейге қонымды, мазмұнды, ғылыми құндылығы жоғары болуына баса назар аударатын адам. Аудиторияны бірден баурап алатын, мейлінше байсалды да байыпты, саңқылдап шығар дауыс ырғағы да оның ұстаздық тұлғасын даралай түспек.
Артта қалған жылдар алдағы жылдарға жарығын мол түсіреді. Келешекте Айман Омарқанқызы ғылыми тәжірибесін, терең білімін, кәсіби іскерлігін ел игілігіне, жоғары білім беру саласына жұмсай береді деп сенемін.
Айман Омарқанқызының ақ көңілі әріптестеріне, шәкірттеріне деген қамқорлық пейілі, адамгершілік асыл қасиеті баршамызға өнеге, бәрімізге ғибрат.
Ұстаздық ету, ғалым болу, ғылым мен білім саласын ұтымды ұйымдастыру Айман Омарқанқызының тұлғалық бейнесін нақты сипаттайды. Ұстаздық биікке көтерілген жан ірі деп тануға лайықты деп ойлаймын. Бүгінде өтіп жатқан Айман Омарқанқызының мерейтойы біздің университеттің мерейтойы деп білемін.
Шәкәрім университетінің бастауыш кәсіподақ
ұйымының төрағасы Қарлығаш Құрмамбаева