Кеңейтілген аппараттық кеңесте өңірдегі құрылыс сапасы талқыланды
Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында 2025 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және бюджеттік құрылыс нысандарының сапасына мониторинг жүргізу нәтижелері талқыланды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережимде қосылды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Роза Құдайбергенқызы және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Сайлауғалы Байназаров баяндады.
Ағымдағы жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша негізгі 9 көрсеткіштің 6-ы бойынша оң өсім қалыптасқан. Өнеркәсіп, тау-кен өнеркәсібі және тұрғын үйді пайдалануға беру бағыттарында жыл қорытындысына дейін көрсеткіштерді жақсартуға мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдіктері қосымша резервтерді анықтау және оларды статистикалық есептілікке енгізу бағытында тиісті жұмыс жүргізуде.
Өнеркәсіп саласында 11 айдың қорытындысымен нақты көлем индексі 99,2 пайызды құрап, жыл соңында бұл көрсеткішті 100 пайыздан жоғары деңгейге жеткізу көзделіп отыр. Өңдеу өнеркәсібінде тұрақты өсім сақталып, 11 айда 102,8 пайызға жетті. Инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларында да оң динамика бар. Ауыл шаруашылығы бойынша нақты көлем индексі 100,9 пайызды құрап, жыл қорытындысында 103 пайыздан жоғары деңгейге жету жоспарлануда.
Аймақ басшысы жиында кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму, ауыл шаруашылығы, құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, цифрлық технологиялар басқармаларына аудан-қала әкімдерімен бірлесіп, инвестиция, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салалары, көлік, байланыс қызметтерінің нақты көлем индексін жоспарланған деңгейге жеткізу бойынша нақты шаралар қабылдап, жылдық жоспардың орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мәліметінше, биыл барлық қаржы көздері есебінен құрылыс жұмыстарын бастауға 881 талон-хабарлама түскен. Соның 618 нысаны жыл соңына дейін пайдалануға қабылдануы тиіс. Оның 190-ы бюджеттік, 93-і квазимемлекеттік секторға, 335-і жеке меншікке тиесілі. Бұдан бөлек аудандарда Off-Take келісімшарты негізінде бір қабатты, 2 пәтерлі 315 тұрғын үй сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда 223 үй сатып алынған.
Облыс әкімінің хаттамалық тапсырмасына және Ұлттық экономика министрінің бұйрығына сәйкес облыстың қала-аудандарындағы 142 бюджеттік нысандағы құрылыс сапасына мониторинг жүргізілді. Жиын барысында басқарманың жүргізген мониторингіне сәйкес кемшіліктер анықталған аудан-қала әкімдері мен тиісті басқарма басшылары аймақ басшысына олқылықтарды жою бойынша ақпарат берді.
Облыс әкімі жиында салаға жауапты орынбасарларына салынып жатқан құрылыс нысандарының сапасын және заңнама талаптарының сақталуын тұрақты әрі қатаң бақылауда ұстап, аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшыларына жыл соңына дейін жоспарланған құрылыс нысандарын уақтылы пайдалануға беруді қамтамасыз ету қажеттігін айтты.










