Абай облысындағы автожолдарда 127 жылыту пункті орналасқан
Қысқы кезеңде ауа райының және жол жағдайының күрделенуіне байланысты Абай облысының полиция бөлімшелері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және автомобиль жолдарында төтенше жағдайлардың туындауына жол бермеу мақсатында қосымша кешенді шараларды жүзеге асыруда. Бұл туралы
Абай облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бақытбек Сыдықбаев баяндады.
Сонымен қатар, Абай облысы Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Алмас Сүлейменовтің айтуынша, қыс мезгілінің басынан бері облыста ауа райының қолайсыздығына байланысты 49 рет дауылды ескерту жарияланып, 19 рет республикалық және 22 рет облыстық маңызы бар автожолдар жабылды.
Жалпы облыс аумағында эвакуациялау және жедел ден қою үшін 2 285 жеке құрам мен 888 бірлік техника дайындықта тұр. Жоғары өтімді техника қауіпті аймақтарға қайта бөлініп, «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы кезекшілікте. Сонымен қатар, автожолдарда 127 жылыту пункті анықталған, ал шұғыл медициналық көмек көрсету үшін 3 трассалық медициналық-құтқару пункті толық дайындықта.