Абай облысында үкіметтік емес ұйымдарға жан-жақты қолдау көрсетілуде
Семей қаласында үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттыруға бағытталған «Үкіметтік емес ұйымдар – қоғамдық дамудың қозғаушы күші» атты оқыту семинары өз жұмысын бастады.
Облыс орталығында өтіп жатқан бұл маңызды іс-шараға Абай облысының түкпір-түкпірінен келген үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері мен белсенді өкілдері қатысуда. Семинардың негізгі мақсаты – азаматтық қоғам институттарының рөлін күшейту, ҮЕҰ қызметінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруда заманауи тәсілдер мен тәжірибелерді меңгерту.
Семинардың ашылу рәсімінде Абай облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Түсіпбекұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол үкіметтік емес ұйымдардың өңірдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік және мәдени дамуына қосып отырған үлесін ерекше атап өтіп, мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы өзара ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды.
Оқыту семинары барысында қатысушылар үшін жобалық менеджмент, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тетіктері, қоғамдық бастамаларды қолдау, медиация және коммуникация, сондай-ақ қоғамдық бақылау мен кері байланыс орнату тақырыптары қамтылады. Тәжірибелі тренерлер мен сала мамандары теориялық біліммен қатар, практикалық кейстер арқылы өз тәжірибелерімен бөліседі.
Аталған семинар үкіметтік емес ұйымдар арасындағы әріптестікті нығайтып, өңірде азаматтық бастамалардың дамуына серпін беретін алаңға айналады деп күтілуде.







