«Мемсараптама» РМК-де ашық есік күні өтті
21 сәуір күні ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне қарасты «Мемсараптама» РМК-нің ұйымдастыруымен «Ашық есік күні» шеңберінде бос орындар жәрмеңкесі өтті.
Көзделген негізгі мақсат – сарапшылар лауазымына үміткерлерді іріктеу және кадрлық резерв қалыптастыру. Іс-шараны орталықтың бас директоры Қуандық Қажкенов бастап, халықты жұмыспен қамту шеңберінде ұйымдастырылған жиынның маңыздылығына тоқталып өтті. Жәрмеңкеге Астана қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының өкілдері де қатысты.
«Әлбетте, сала мамандары үшін осындай форматтағы шаралардың берері мол. Біздің басты мақсатымыз – азаматтарға талаптарына сәйкес жұмыс табуға, ал жұмыс берушілерге қажетті мамандарды таңдап алуға көмек көрсету», дейді ұйымдастырушылар.
Шара барысында ұйымның бизнес-процесінің таныстырылымы өтіп, жұмыс беруші тарапынан ұсынылатын әлеуметтік кепілдіктерге шолу жасалды. Сондай-ақ үміткерлер үшін экскурсия ұйымдастырылып, мекеменің тыныс-тіршілігі туралы толыққанды ақпарат берілді. Кейін «сұрақ-жауап» форматында диалог ұйымдастырылып, үміткерлер қызықтырған сауалдарына жауап алды.