Сенат Төрағасы Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісімен кездесті
Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Салли Джейн Аксуорсимен кездесті.
Мәулен Әшімбаев елшіні тағайындалуымен құттықтай отырып, Ұлыбритания Қазақстанның Еуропадағы маңызды серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жылдан астам уақыт өткенін, бүгінде өзара байланыс достық, сенім, құрмет және ортақ мүдделерге табан тірейтінін айтты.
«Қазіргі таңда Қазақстан-Британ қатынастары түрлі салада қарқынды дамып келеді. Ең жоғары деңгейде берік және сындарлы саяси диалог қалыптасты. Былтыр қараша айында Бакуде өткен COP29 жаһандық климаттық саммиті алаңында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Ұлыбритания Премьер-Министрі Кир Стармердің кездесуі елдеріміз арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін берді. Сондай-ақ 2024 жылғы сәуірде Біріккен Корольдіктің сыртқы істер министрі Дэвид Кэмеронның Қазақстанға сапары кезінде Стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғаны белгілі. Қазақстан Парламенті осы Келісімді іске асыруға өз септігін тигізуге дайын», – деді Сенат Төрағасы.
Тараптар парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселесіне де тоқталды. Сұхбат кезінде екі елдің Парламенттерінде жұмыс істейтін достық топтары аясында өзара іс-қимылды одан әрі арттыру жөніндегі міндеттер белгіленді.
Сонымен қатар Палата Спикері Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға назар аударды. Мәулен Әшімбаев Қазақстанның саяси жүйесін демократияландыру мәселелеріне және Президент Жолдауындағы жаңа бастамаларға жан-жақты тоқталып, жүргізіліп жатқан өзгерістердің стратегиялық маңызын атап өтті. Сондай-ақ ол Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезіне үнемі қолдау көрсетіп, белсенді қатысып келе жатқаны үшін Англикан шіркеуінің рухани өкілдеріне ризашылық білдірді.
Өз кезегінде Салли Джейн Аксуорси Парламент Сенатымен екіжақты қарым-қатынастың кең ауқымды мәселелері бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін айтты.