Абай облысы әкімінің Семей қаласы тұрғындарымен кездесуі 4 сағатқа созылды
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Абай атындағы кітапханада Семей қаласының тұрғындарымен кездесті. Жиында алдымен қала әкімі Әділет Қожанбаев 2024-2025 жылдардағы негізгі көрсеткіштерге тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Аймақ басшысы өңірдің және Семей қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы, шешімін күткен мәселелер және алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады.
Облыс экономикасына 11 айда 495,2 млрд теңге инвестиция тартылды. Семейдің үлесіне 144,8 млрд теңге тиесілі. Жыл басынан бері өңірде іске асырылып жатқан жобалар саны 29-дан 98-ге дейін артты, тартылған инвестиция көлемі 2,2 трлн теңгеден 3,8 трлн теңгеге жетті.
«Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумы аясында өңірден шыққан кәсіпкерлер мен меценаттардың қатысуымен жалпы құны 336 млрд теңгені құрайтын 15 келісім жасалды. Солардың ішінде құны 31,7 млрд теңге болатын екі жоба іске асырыла бастады. Атап айтқанда, құны 5,7 млрд теңге болатын «Pana Complex Semey» қонақ үй кешені жақында пайдалануға беріліп, 105 жаңа жұмыс орнын ашады. Сонымен қатар «Aqniet Group» компаниясы 26 млрд теңгелік «Semey Mall» сауда-ойын-сауық орталығының құрылысын жүргізіп жатыр. Бұл жоба іске қосылған соң 100 адам жұмыспен қамтылады.
Аумағы 96 гектарды құрайтын «Өндіріс» индустриялық аймағында 3 жаңа жобаға жер беріліп, толық игерілді. Индустриялық аймақ 186 гектарға дейін кеңейіп, шағын өнеркәсіп паркін құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Семей қаласында 23,8 млрд теңгеге 6 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген.
Биыл Семей қаласын жылумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін 12 жылу көзі жаңғыртылып, 13,6 шақырым жылу желілері ауыстырылды. Мемлекет басшысының халықты 100% таза ауыз сумен қамтамасыз ету тапсырмасы бойынша облыста 33 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде Семей қаласының Нахаловка, Бобровка, Березовский кенттері бар.
Облыс орталығында 52 көшеде орташа жөндеу жүргізілді. Оның 36-сы бұрын асфальтталмаған. Келесі жылы мұндай көшелердің санын арттыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар 40 аулаға асфальт төселіп, 35 аула абаттандырылды. Сондай-ақ, Қарағайлы шағын ауданында жаңа саябақ ашылды. Биыл аспалы көпірдің жолына жөндеу жүргізілді. Күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Семейде төрт жолақты жаңа көпір салу жобасы іске асуда.
Мемлекет басшысының қолдауымен «Абайға құрмет» акциясы аясында еліміздің әр өңірі облысымызға бір нысаннан салмақ. Осы салынатын ғимараттардың негізгі бөлігі жаңа тұрғын ауданында бой көтереді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жыл басынан бері Семей қаласында 2 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Шығыс кентінде 300 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр. Облыс орталығында 500 орындық көпфункционалды Оқушылар сарайы мен 18 жастан асқан адамдарға арналған 100 орындық психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекеме ғимаратының құрылысы аяқталды.
Облыста спорттық нысандардың саны артып келеді. «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумы аясында «KazMinerals» ЖШС Семейдегі жаңа ықшам ауданында 25 мың орындық стадион құрылысын бастады. Қазіргі уақытта Ұшақтар кентінде Дене шынықтыру және сауықтыру кешені салынып жатыр.
Төрт сағатқа созылған кездесу барысында облыс әкімі тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, қойылған сұрақтарға жауап берді.
Айта кетейік, өңір басшысы тұрғындар қойған 76 сұраққа жауап берді.










