Мәжілісте көлік иелерінің жолаушылар алдындағы жауапкершілігін сақтандыру туралы заң жобасы таныстырылды
Депутаттар көлік құралдары иелерінің, тасымалдаушыларының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру мәселелері туралы заң жобасы бойынша жұмысты бастады. Қаржы және бюджет комитетінде Татьяна Савельеваның төрағалығымен заң жобасының таныстырылымы өтті.
Жиынға депутаттармен қатар, жауапты мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының және Қазақстан сақтандырушылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Құжатты әріптестеріне депутат Нартай Сәрсенғалиев таныстырды. Ол депутаттар бастамашы болған заң жобасы әлеуметтік әділдікті орнатуға, азаматтарды қорғауға, қолдауға арналғанын атап өтіп, құжаттағы негізгі нормаларға тоқталды.
– Қазіргі таңда елімізде жол апаты кезінде ересек адам қаза тапса, оған сақтандыру компаниясы 2000 АЕК өтемақы төлейді. Бұл қазіргі есеппен 7 млн теңге. Біз осы өтемақыны екі есе өсіруді талап етіп, тиісті норма енгізіп, оған Үкіметтен оң қорытынды алдық. Түрлі дене жарақатын алған, мүгедектікке душар болған жағдайда берілетін төлемдерді де екі еселеп отырмыз. Мысалы, 1-топ мүгедегі болып қалған адамға 1600 АЕК-тің орнына 3200 АЕК төленуі тиіс деген норманы қостық. Сол сияқты жол апаты салдарынан 2-топ мүгедегіне берілетін 1200 АЕК-ті 2400-ге, 3-топқа 500 АЕК-ті 1000 АЕК-ке көтердік. Депутаттардың бұл ұсынысының барлығы Үкіметтен қолдау тапты, – деді Н.Сәрсенғалиев.
Ол сонымен қатар сақтандыру компанияларының жол апатына ұшыраған автокөлікке төлейтін ең жоғарғы сомасы – 600 АЕК-ті де екі есеге ұлғайтуды ұсынғанын жеткізді.
– Тағы бір мән беретін жайт, қазіргі ережеге сәйкес, өтемақы жол апатынан қаза тапқан адамның асырауындағы немесе қамқорлығындағы тұлғаларға төленеді. Егер олар болмаса, ешкімге берілмейді. Осыған байланысты біз қаза тапқан адамның бала-шағасы болмаса, өтемақы әйеліне немесе күйеуіне, не болмаса ата-анасына берілуі керек деген норма енгізуді көздеп отырмыз. Әйтеуір, әулеттегі бір жақынына берілуге тиіс. Өйткені ол көзі тірісінде сақтандыру компаниясына ақша төлеп келді ғой. Сондықтан өтемақыны бермеу, біздің ойымызша, әділ емес, – деп толықтырды депутат.
Бұдан бөлек, қаза болған адамның отбасына сақтандыру компанияларының өзін хабарласуға міндеттейтін норма, тәуелсіз сарапшы маманды қосу туралы да ережелер ұсынылған.
Баяндамадан соң түзету авторлары ұсынған негізгі өзгерістер талқыланды. Тиісті комитеттің төрайымы Татьяна Савельева сақтандыру төлемдерін арттыру туралы ұсынысқа Үкімет тарапынан оң жауап берілгенін, бірақ сақтандырушының жауапкершілігін бір рет екі есеге арттыру полис құнының үш еседен артық өсуіне соқтыруы мүмкін екенін айтты. Сондықтан мүлік залалын келтіргені үшін төлемдерді кезең-кезеңімен арттыру ұсынылды. Мәжіліс депутаты жаңартылған статистиканы сұрап, кезең-кезеңімен арттыру қалай жүзеге асатынын нақтылады.
Бұған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева жауап берді. Ол соңғы бес жылда автосақтандыру төлемдерінің көлемі 3,7 есе өсіп, 69,5 миллиард теңгеге жеткенін, ал сақтандыру сыйақылары небәрі 47 пайызға өсіп, 34,5 миллиард теңгеге жеткенін атап өтті. Заң жобасы қолдауға лайық екенін, бірақ сыйақылардың тиісті өсуінсіз төлемдерді арттыру мүмкін емес деген пікір білдірді.
Депутаттар сақтандыру нарығының тұрақтылығы және тариф жүйесін реформалау мәселелерін де көтерді. Олар сақтандыру төлемдері лимиттерін арттыру компанияның капиталдануына қалай әсер ететінін, заң жобасында ұсынылған міндеттемелердің артуына нарықтың дайындық деңгейін талқылады. Мәжіліс депутаттары жәбірленушілердің құқықтарын қорғауға, айталық, ересек адам, бала қайтыс болған жағдайда және кінәлі тарап болмаған жағдайларда залалды бағалауға және өтемақы мөлшерін анықтауға ерекше назар аударды. Сонымен қатар депутаттар шетел азаматтарына жеңілдіктерді алып тастау, жүргізуші куәлігін жаңадан алғандарға арналған тарифтер, ерікті түрде көлік сақтандыруға ынталандыру шараларын талқылады.
Жобаға қатысты ұсыныстар мен пікірлер заң жобасы бойынша алдағы жұмыс кезінде ескерілетін болады. Түзетулерді талқылау депутат Наурыз Сайлаубай жетекшілік ететін жұмыс тобының отырыстарында жалғасады.