Абай облысында «Достық-2025» байқауының жеңімпаздары марапатталды
Бүгін Семейдегі «Ес-Аймақ» рухани орталығында облыстық этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық институттар арасында өткен «Достық-2025» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі, Абай облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Берік Уәли, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғамдық ұйым жетекшілері қатысты.
«Достық-2025» байқауы азаматтық қоғамды жүйелі түрде жаңғырту, жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын қорытындылау мақсатында ұйымдастырылды. Шара өңірдегі этносаралық келісім мен қоғамдық бірлікті нығайтуға бағытталған.
Салтанатты шара барысында сөз сөйлеген аймақ басшысы этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық институттардың ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту жолындағы еңбегінің ерекше екенін атап өтті.
Іс-шара барысында «Достық-2025» байқауының жеңімпаздары «Рухани бірлік пен жалпыұлттық келісімді дамытуға қосқан үлесі үшін», «Азаматтық қоғамды дамытуға қосқан үлесі үшін», «Қоғамдағы татулық пен өзара құрметті нығайтуға қосқан үлесі үшін», «Мәдени мұра мен дәстүрді сақтауға қосқан үлесі үшін», «Рухани келісім мен ұрпақ сабақтастығының үлгісі» номинациялары бойынша марапатталды. Сонымен қатар бірқатар этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйым өкілдеріне Қазақстан халқы Ассамблеясының және облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Айта кетейік, биыл елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аталып өтуде.
Кеш соңында Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның концерттік бағдарламасы көрермен назарына ұсынылды.









