Семейде бес жұлдызды қонақ үй және мейрамхана кешені ашылды
«Pana Unique Semey» бес жұлдызды қонақ үй кешенінің ғимараты 1890 жылы ағайынды Мусиндер салған қаладағы алғашқы механикаландырылған диірмен болған. Тарихи нысанға қайта жаңғырту жүргізіліп, сәулеттік келбеті сақтала отырып, заманауи қонақ үй кешеніне айналдырылды. Бұл жоба қала тарихын сақтай отырып, жаңа мазмұнмен дамытудың жарқын үлгісі саналады.
Қонақ үй кешені – жалпы құны шамамен 6,5 млрд теңгені құрайтын өңірдегі ірі инвестициялық жобалардың бірі. Жаңғырту жұмыстары қысқа мерзім ішінде аяқталып, құрылыс барысында 250 адам уақытша жұмыспен қамтылды. Кешен іске қосылғаннан кейін 105 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Қонақүйдің жалпы ауданы 8 300 шаршы метр, сыйымдылығы 180 орын (91 нөмір). Кешен құрамында «Сандық» және «Тары» мейрамханалары мен кофеханасы, сондай-ақ «Мадлен» және «Итальяно» ресторандары, спа орталығы мен конференц-зал қарастырылған.
«Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумы аясында іске асырылған қонақ үй және мейрамхана кешенінің ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли қатысты. Сондай-ақ, туризм саласының мамандары, кәсіпкерлер мен өнер қайраткерлері болды.
Аймақ басшысы жобаның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, туризм мен қызмет көрсету саласының өсуіне, кәсіпкерлікті қолдауға және жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын құруға серпін беретінін атап өтті. Сонымен қатар бұл бастама туған жерге инвестиция тарту арқылы өңір әлеуетін арттырудың айқын үлгісі екенін айтты.
Жалпы, облыста жыл басынан бері іске асырылып жатқан жобалар саны 29-дан 97-ге дейін артты, тартылған инвестициялар көлемі 2,2 трлн. теңгеден 3,5 трлн. теңгеге дейін өсті.
Олардың ішінде 50 жоба Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енгізілген.










