Жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, Оқу-ағарту министрінің орынбасары Шынар Ақпарова, ВІ Group компаниясының негізін қалаушы Бауыржан Исабаев, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғалия Дәулетова қатысты.
Ғимараттың ашылу рәсімінде сөз сөйлеген аймақ басшысы жаңа нысанның өңірдің білім беру инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеретін маңызды жоба екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы биылғы тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде «Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді» деп айрықша атап өткен болатын. Бұл нысан спорттық-сауықтыру, көркем-эстетикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық бағыттары бойынша балалар мен жасөспірімдерге үлкен мүмкіндіктері бар даму бағдарын беретін бірегей орталық болары сөзсіз. Оқушылар сарайы өңіріміздегі қосымша білім беру ұйымдары үшін әдістемелік орталыққа айналып, педагогтер мен оқушыларға арналған түрлі іс-шаралар өткізілетін болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен құрылысы басталған жаңа Оқушылар сарайы Абай облысы құрылғаннан бергі салынып біткен тұңғыш әлеуметтік нысан болып отыр. 2023 жылы басталған бұл жоба Премьер-Министрдің 2024-2026 жылдарға арналған жол картасына енгізілген. Алайда қаржылық қиындықтарға байланысты құрылыс тоқтап қалған болатын. Биыл Үкіметтің қолдауымен 7,6 миллиард теңге қаражатты бөлдіріп, құрылысы қайта жанданды. Бүгін міне еліміздегі 10-ыншы Оқушылар сарайының ашылуына жиналып отырмыз. Оқушылар сарайының орналасқан жеріне байланысты, балалардың қауіпсіздігі мен ыңғайлы кіріп-шығуы үшін арнайы жаяу жүргіншілер көпірін салуды жоспарлап отырмыз. Қазір аталған көпірдің жобалық-сметалық құжаттары әзірлену үстінде. Семей қаласында қазір қызмет атқарып тұрған Жастар сарайы 1991 жылы ашылған, одан кейін мұндай қосымша білім беру нысаны ашылмаған. Оқушылар сарайы – балалардың шығармашылығын, зияткерлік әлеуетін, көшбасшылық қасиеттерін дамытатын, білімді өмір салтына айналдыратын маңызды кеңістік. Осы игі іске үлес қосқан барлық әріптестерге, серіктестерге алғыс айтамын. Жаңа білім ордасы балаларымыздың арманына жол ашып, еліміздің болашағына қызмет етсін!», – деді облыс әкімі.
Салтанатты шарада сөз алған Оқу-ағарту министрінің орынбасары Шынар Ақпарова жаңа нысанның өңір оқушыларына берері мол екенін айтты.
«Жүйелі мемлекеттік қолдаудың нәтижесі Абай облысының білім саласындағы айқын жетістіктерінен көрінеді. Биыл осы өңірдің оқушылары халықаралық және зияткерлік байқауларда 19 жүлделі орынға, ал республикалық деңгейде 167 жүлделі орынға ие болды. Сондай-ақ ауыл мектептерінің 9-11 сынып арасындағы республикалық олимпиадада 16 жүлделі орын иеленді. Бұл жетістік бала, ата-ана және мұғалімнің өзара бірлігінің нәтижесі. Баршаңызды Оқушылар сарайының салтанатты түрде ашылуымен құттықтаймын», – деді ол.
Құрылысы 2023 жылы басталған нысанның жалпы ауданы – 9 800 шаршы метр. Оқушылар сарайы 500 балаға шақталған, ауысыммен 1500 оқушыға дейін қабылдай алады.
Мұнда екі бассейн, хореография, шығыс жекпе-жегі, фитнес, үстел теннисі залдары, үстел ойындары, вокал және аспаптық музыка, дыбыс жазу, мүсін және ART студиялары, хореография, актерлік шеберлік, сәулет өнері, сондай-ақ VR технологияларын қолданатын ойындық-имитациялық оқыту кабинеттері жұмыс істейді. Ғылыми-техникалық бағыт аясында авиамодельдеу, жаңартылатын энергия көздері, аквапоника және гидропоника, нейрозертхана және нейроробототехника, 3D-басып шығару және модельдеу (M-TECH), бағдарламалау, видеография және кино, жаратылыстану ғылымдары бойынша зертханалар, сондай-ақ астрономиялық обсерватория қарастырылған.
Гуманитарлық бағытта медиа-орталық пен көптілді лингвистика кабинеті (қазақ, орыс, ағылшын және басқа да шет тілдері) жұмыс істейді. Балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау мақсатында психологиялық қолдау бағыты бойынша сенсорлық бөлме мен сөйлеу тілін дамыту кабинеті ашылған. Сонымен қатар тарихи-өлкетану бағыты шеңберінде коворкинг аймағы бар интерактивті кітапхана мен өлкетану клубы қызмет көрсетеді.