Семей қаласында үлгілі отбасы қызмет етуде
Қазақстанның әуе қорғанысы саласында ерлік дәстүрін жалғап жүрген әскери қызметшілер аз емес. Солардың бірі 54835 әскери бөлімінің әскери қызметшісі майор Ерлан Шыналиев, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Әскер тарланы» байқауында «Мерейлі отбасы» аталымы бойынша жеңімпаз атанған әскери әулеттің отағасы.
Ерлан Шыналиев – Түркістан облысы, Жетісай қаласының тумасы. Ұшқыш болу арманы оған бала күнінен серік. Соғыс ардагері атасының «бұл бала міндетті түрде әскери қызметші болады» деген сөзі Ерланның өмірлік бағытын айқындап бергендей еді.
2012 жылы Ақтөбедегі Әуе қорғаныс күштері институтын аяқтаған жас маман алғашқы әскери қызметін Үшарал қаласындағы әскери бөлімде бастады.
Бүгінде майор шеніндегі Ерлан Семей қаласындағы 54835 әскери бөлімінде авиациялық эскадрилья штаб бастығы қызметін атқарады. Ми-8, Ми-24, Ми-17 және ЕС-145 тәрізді бірнеше тікұшақты кәсіби деңгейде меңгерген – өз ісінің шебері.
Оның жұбайы – Әсем Шыналиева да әскери жолды жүрек қалауымен таңдаған жан. Үшарал қаласының тумасы, көпбалалы отбасында өскен Әсем бала кезінен әскер қатарында қызмет етуді армандады.
Өз жұмысын 01850 әскери бөлімінде бастаған ол 2013 жылдан бері Семейдегі 54835 әскери бөлімінде инженер болып қызмет атқарып келеді. Қазір бала күтіміне байланысты демалыста болса да, әскери өмірге деген адалдығы өзгерген емес.
Екі ұл мен үш қыз тәрбиелеп отырған бұл отбасы – шынайы әскери әулет. Аталмыш шаңырақ Қазақстан Қарулы Күштері өткізген «Әскер тарланы» байқауында «Мерейлі отбасы» аталымының жеңімпазы атанып, бүкіл елге үлгі болды.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі