Абай облысында энергетика саласының мамандарына құрмет көрсетілді
22 желтоқсан – энергетика саласы қызметкерлері күніне орай облыс әкімі Берік Уәли энергетика саласының мамандарымен кездесіп, кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Шара барысында энергетика саласында көпжылдық адал еңбегімен және жоғары кәсіби шеберлігімен ерекшеленген бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградалар, Энергетика министрлігінің Құрмет грамотасы және облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
«Теплокоммунэнерго» МКК электр қондырғылары элементтерін ораушы Светлана Кротова Президент Жарлығымен «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Сондай-ақ, сала үздіктеріне Энергетика министрлігінің «Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін» медалі, «Еңбек сіңірген энергетик» және «Құрметті энергетик» төсбелгілері берілді.
Аймақ басшысы сала мамандарына жауапкершілігі мол еңбектері үшін алғыс білдіріп, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету өңірдің тұрақты дамуының маңызды факторы екенін жеткізді.
Өңірде энергетикалық инфрақұрылымды дамыту үшін Семей қаласында жаңа жылу электр орталығын салу көзделуде. Бұл туралы Мемлекет басшысы 17 желтоқсанда энергетика саласы қызметкерлерімен кездесуінде айтқан болатын. Президент тапсырмасын орындау мақсатында әкімдік, «Самұрық-Энерго» АҚ және жобалаушы ұйым қатысатын жұмыс тобы құрылды. Жобаны іске асыру өңірдің энергетикалық әлеуетін арттырып, Семей қаласының жылу мәселесін шешуге мүмкіндік береді.










