Берік Уәли оқушыларға сүйінші жаңалығын жеткізді
«Дарындыға дархан жол» жобасы аясында өткен кездесуге халықаралық және республикалық зияткерлік олимпиадалардың, шығармашылық конкурстардың, спорттық жарыстар мен чемпионаттардың 61 жеңімпазы мен жүлдегері қатысты.
Облыс әкімі Берік Уәли кездесу алдында оқушылардың жобалары мен жетістіктері ұсынылған көрмені тамашалады. Көрмеде «роботехника» бағыты бойынша колледждер мен мектептердің жеңімпаз жобалары, ғылыми жобалар байқауларының үздіктері, сондай-ақ Х халықаралық әскери-патриоттық «Айбын» жастар жиынының жүлдегерлері, дарынды балаларға арналған Ш.Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицей-интернатының оқушыларының жетістіктері ұсынылды.
Еркін форматта өткен кездесуде облыстың дарынды оқушылары жетістіктері мен алдағы мақсаттары туралы айтып, ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Аймақ басшысы сөз сөйлеген әрбір қатысушыны мұқият тыңдап, ақыл-кеңесін берді.
Шараға қатысқан оқушыларға облыс әкімінің атынан ақшалай сертификаттар табысталды.
Айта кетейік, 2025 жылы Абай облысының оқушылары халықаралық және республикалық олимпиадалар мен байқауларда 277 медаль жеңіп алды. Олардың қатарында Халықаралық математика және информатика пәндерінен Әл-Харезми олимпиадасы, жасөспірімдер арасындағы халықаралық жаратылыстану-ғылыми олимпиадасы (IJSO), математика, информатика, физика және химия пәндері бойынша «Туймаада» халықаралық олимпиадасы, Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша зерттеу жобаларының халықаралық конкурсы, сондай-ақ халықаралық әскери-патриоттық «Айбын» жастар жиыны бар.










