Дархан Қыдырәлі: мұрағат саласы заманауи технологияға сүйене отырып жүйелі түрде дамуы тиіс
Сенаторлар Дархан Қыдырәлі, Ғалиасқар Сарыбаев және Алишер Сатвалдиев Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатында болды. Олар сапар барысында мекеменің қызметімен, мұрағат қорларын сақтау жүйесімен, ғылыми-зерттеу жұмысымен және дамудың негізгі бағыттарымен танысты. Мекеме директоры мұрағат материалдарын цифрландыру жөнінде жүзеге асып жатқан жобалар, құжаттарды қалпына келтіру ісі, сондай-ақ зерттеушілердің оқу залындағы жұмысы туралы хабардар етті.
Архивтегі жас мамандарымен кездесуге ерекше назар аударылды. Мұрағатшылар ашық пікірлесу барысында бірқатар сұрақтар қойып, мұрағат саласын одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар айтты. Дархан Қыдырәлі Сенаттың 2025 жылғы қызметінің қорытындылары мен «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» заңға енгізілген өзгерістер туралы хабардар етті және «цифрлық мұрағат» ұғымын енгізу жөнінде ойларын ортаға салды.
«Архив саласында архивтерді техникалық жарақтандыру, мамандардың жалақы деңгейі және төтенше жағдайларда құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету мәселелері өзекті болып қала береді. Бұл мәселелер Мемлекет басшысының бақылауында тұр. Ол бойынша нақты тапсырмалар беріліп, жаңа мұрағат ғимараттарының құрылысын қаржыландыру көзделген», - деп атап өтті Дархан Қыдырәлі.
Сенаторлар мұрағат ісінің маңыздылығы туралы айта келіп, Президент мұрағаты еліміздегі алдыңғы қатарлы мұрағат мекемелерінің бірі ретіндегі ерекше мәртебесін атап өтті. Олар сапар аясында тәуелсіздікке арналған көрме залында болып, тарихи және саяси маңызды құжаттармен танысты.
Сенаторлар кездесу қорытындысы бойынша мұрағат саласын дамытуға және цифрландыру үдерістеріне заңнамалық қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.