Мәжілісте мектеп пен колледждерге арналған оқу құралдарының сапасы мен мазмұны мәселелері қаралды
Мәжіліс Парламентаризм институтымен бірлесіп «Мектеп және колледж оқушыларына арналған оқу құралдарының сапасы мен мазмұны мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Жиынға депутат Гүлдара Нұрым жетекшілік етті, Парламентаризм институты басшысының орынбасары Ләззат Сүлеймен, мемлекеттік органдардың өкілдері, педагогтар мен сарапшы мамандар қатысты.
Гүлдара Нұрым оқулықтар білім мазмұнының дұрыстығы мен тұтастығын, материалды ұсынудың әдістемелік логикасын, терминологияға, тіл мен аудармаға қатысты бірыңғай тәсілдерді айқындайтынын атап өтті.
– Біздің мақсатымыз – оқулықтар мен оқу құралдарының мазмұндық және әдістемелік сапасына қойылатын талаптарды жетілдіру, сараптама және рұқсат беру рәсімдерін, оның ішінде процеске қатысушылардың жауапкершілігін күшейту, жаңарту және қайта басып шығару тетіктерін жүйелеу, өзгерістердің негізді, алдын ала болжамды және ашық болуын қамтамасыз ету бағыттары бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу, – деді депутат.
Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова министрлікте оқулық сапасын арттырып, авторлардың жауапкершілігін күшейту үшін оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптар бекітілгенін айтты.
– Оқулық авторларының құрамында сала бойынша ғалымның, әдіскер мен практик-мұғалімнің болуы міндеттелген. Авторлар міндетті түрде оқулық теориясы мен әдістемесі бойынша арнайы оқыту курсынан өтеді. Екі жыл ішінде 2 мыңнан астам оқулық авторы осындай курстан өтті. Оқулықтарды сапалы әзірлеу мақсатында баспалар мен авторлық ұжымдардың алдын ала баспаішілік сараптама жүргізуге қатысты жауапкершілігі артты, – деді вице-министр.
Ол сондай-ақ оқу процесіне алғаш енгізілген жылы оқулықта қате немесе полиграфиялық ақау анықталған жағдайда баспа есебінен оның барлық тиражы ауыстырылатынын атап өтті. Оқулықтың мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына, үлгілік оқу бағдарламаларына сәйкестігін арнайы сарапшы мамандар тексеретінін айтты.
Депутаттар мектеп және колледж оқушыларына арналған оқулықтардың сапасы мен мазмұнын жақсартуға қатысты өз ұсыныстарын білдірді. Атап айтқанда, олар әзірлеу процесінде толық ашықтықты қамтамасыз ету қажет екенін айтты. Ол үшін авторларға және оқулықтарға шолу бойынша ашық конкурстар өткізу, авторлар тобы мен сарапшылар кеңестерін құру кезінде мүдделер қақтығысына жол бермеу керек. Жұмыстың әр кезеңі кәсіби қоғамдастықтар үшін ашық болғаны жөн.
Оқу материалдарын міндетті түрде терең тестілеу қажет екеніне ерекше назар аударылды. Депутаттар оқулықтардың жоба нұсқаларын тестілеу үшін пилоттық кезең енгізуді ұсынды. Оларды бейімдеу және тестілеуге қатысатын мұғалімдердің жалақысын қаржыландыру да қарастырылады.
Сонымен қатар цифрлық оқулықтар баспа басылымдарының қарапайым көшірмелері болмай, заманауи технологиялық мүмкіндіктерге сәйкес кеңейтіліп, әртүрлі мазмұнды қамтуы керек екені айтылды. Депутаттар келісімшарт бойынша авторлар, сарапшылар және баспагерлер үшін жеке қаржылық жауапкершілік белгілеуді ұсынды. Олар сапасыз оқулықтар мен қателер үшін қатаң қаржылық және беделге қатысты айыппұлдар белгілеуді, сонымен бірге авторлар мен сарапшылардың беделіне қатысты рейтингтерді ашық әрі жария ету қажеттігін айтты.
Ортаға салынған пікірлер мен практикалық ұсыныстар дөңгелек үстелдің қорытынды ұсынымдарында жинақталады.