Cемей-13°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
504.76 593.8 6.5

inDrive және Қазақстанның мемлекеттік органдары Астанада жүргізушісіз такси жобасын іске қосу жөнінде келісімге келді

Бүгін, 18:19 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, ҚР Көлік министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және inDrive компаниясы 2026 жылы Астанада жүргізушісіз такси бойынша пилоттық жобаны іске қосу туралы меморандумға қол қойды. 

Елорда 2026 жылы inDrive компаниясы ұсынған жүргізушісіз такси жобасы іске қосылатын Қазақстандағы алғашқы қалалардың қатарына енеді. Шаһар қалалық мобильділіктің жаңа форматына көшуге дайындалып, автономды көлікті «қауіпсіздікті арттыру, жайлылық пен қалалық ортаның сапасын жақсарту құралы» ретінде қарастырып отыр. Өздігінен жүретін автокөліктерді енгізу жобасы «ақылды қала» стратегиясы мен цифрлық инфрақұрылымды дамыту аясында жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңі тестілеуден өткізуді,  заңнамалық тұрғыда реттеуді және инфрақұрылымын дайындауды қамтамасыз етуді қарастырады. 

«Жүргізушісіз такси бойынша пилоттық жобаны іске қосу - ақылды әрі қауіпсіз қалалық мобильділікті дамытудағы маңызды қадам. Автономды көлікті енгізу кезең-кезеңмен, азаматтардың қауіпсіздігін басымдыққа ала отырып іске асырылады. Сондай-ақ инфрақұрылымның дайын болуын қамтамасыз ету біз үшін маңызды.  Астана - жаңа технология енгізілер алдында нақты сынақтан өткізілетін алаңға айналуда. Мұндай тәсіл инновацияларды қолдауға және қоғамның жаңа цифрлық шешімдерге деген сенімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Астана халықаралық әуежайынан Abu Dhabi Plaza сауда орталығына дейінгі аралық пилоттық жобаның бағыты ретінде анықталды. Іске қосар алдында автономды көліктердің қозғалысы, жолаушылардың, жаяу жүргіншілердің және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мұқият дайындық жүргізіледі. Осылайша Астана көшелеріне әлемнің ірі қалаларында пайдаланылып жүрген, сенімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденген, өздігінен басқарылатын автокөліктер пайда болады. Қозғалыс жол жағдайларына тәуекелдерді бағалау жүргізілген соң ғана, оператор мен өндірушінің бақылауымен жүзеге асырылады.

«Ел астанасында алғашқы өздігінен жүретін таксилерді іске қосу аясында Көлік министрлігімен, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен және Астана қаласы әкімдігімен ынтымақтастығымызды мақтан тұтамыз. Серіктестеріміздің автономды басқару саласындағы озық технологияларын inDrive-тың халықаралық платформасымен біріктіре отырып, пайдаланушыларға қауіпсіз әрі қолжетімді сапарлар ұсынуды көздейміз. Сонымен қатар бұл ынтымақтастық біз үшін символдық мәнге ие: 11 жыл бұрын дәл осы Астана қаласы компанияның халықаралық деңгейде дамуына жол ашты», - деді inDrive компаниясының Қазақстандағы жетекшісі Арай Бекембаев.

Бұған дейін inDrive Сауд Арабиясында автономды мобильділік жобаларын іске қосу жоспары аясында AV стратегиясын жүзеге асыра бастаған болатын. Осы бірегей тәжірибе қазақстандық жобаға да қолданылады. Қазақстанда жүргізушісіз таксиге тапсырыс беру inDrive мобильді қосымшасы арқылы қолжетімді болады. Жоба аясында компания Астана әуежайында жолаушыларды отырғызуға арналған арнайы аймақты жабдықтайды. Пилоттық жоба тестілеу нәтижелері оң нәтиже көрсеткен жағдайда, сондай-ақ қажетті реттеуші тетіктер мен инфрақұрылым талаптары қамтамасыз етілген жағдайда ғана іске қосылады. 

Жүргізушісіз такси қызметін іске қосқан елдер мен қалаларда жол қозғалысындағы қауіпсіздік деңгейі айтарлықтай артқан. Өндірушілердің мәліметінше, мұндай өңірлерде жол-көлік оқиғаларының саны 90 пайызға дейін азайған. Бұл ғана емес, өздігінен жүретін көлікті енгізу райд-хейлинг нарығындағы өзгерістерге алып келеді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив