Сенаторлар жұмыс кездесулері барысында азаматтық және шекара қауіпсіздігін басымдық ретінде белгіледі
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Нұғманов, Марат Қожаев және Геннадий Шиповских Төтенше жағдайлар министрлігінің басшылығымен кездесті. Жүздесуге қатысушылар мекеменің қазіргі кездегі қызметі мен азаматтық қорғау жүйесінің жай-күйін, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнінде атқарылып жатқан шараларды талқылады. Құтқару бөлімшелерінің дайындығын арттыруға, материалдық-техникалық базаны нығайтуға және мекемеаралық өзара іс-қимылды жетілдіруге ерекше назар аударылды
«Азаматтық қорғау жүйесін жүйелі түрде дамыту және халық қауіпсіздігіне бағдарлануы бәрімізге аса маңызды. Сенат төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюдың тиімділігін арттыруға бағытталған бастамаларға заңнамалық қолдау көрсетуге дайын», - деп атап өтті Амангелді Нұғманов.
Амангелді Нұғманов пен Марат Қожаев ұлттық қауіпсіздікті қолдау мәселелерін зерделеу жұмыстарын жалғастырды және Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің басшылығымен кездесті. Онда мемлекеттік шекараны қорғау жүйесінің жай-күйі, шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өткізілетін іс-шаралар, алдағы кезеңге арналған жоспарлар, жеке құрамның әзірлігін арттыру, материалдық-техникалық базаны нығайту және мекемеаралық өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Сенаторлар сонымен қатар Парламент Сенатының 2025 жылғы қызметінің қорытындылары, қабылданған заңнамалық шешімдер және алдағы кезеңге арналған негізгі басымдықтар туралы хабардар етті.
«Шекара қауіпсіздігі мәселелері үнемі назар аударуды қажет етеді. Қызметкерлердің кәсіби даярлығын арттыру, заманауи техникалық құралдарды енгізу және мекемеаралық ынтымақтастықты нығайту – мемлекеттік шекараны қорғаудың сенімді негізі», - деп атап өтті Марат Қожаев.