Сенатор Серік Өтешов отандық фармацевтика мен ғылымды дамытудың маңызы туралы айтты
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Серік Өтешов «Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығы» АҚ мен «Қарағанды фармацевтика зауытында» болды. Онда ғылыми зертханалардың қызметі және кәсіпорындардың өндіріс учаскелері таныстырылды және еңбек ұжымдарымен кездесулер болды.
Сенаторға дәрілік шикізатты экстракциялаудың заманауи технологиялық желілері мен фармацевтикалық субстанцияларды тазарту жүйелері көрсетілді. Ол сонымен қатар Қарағанды фармацевтика зауытының өндірістік әлеуетін кеңейту жобасымен танысты. Мұнда отандық ерекше дәрі-дәрмек шығаратын жаңа цех салу көзделіп отыр.
Кездесу барысында саланы дамытудың өзекті мәселелері бойынша сындарлы пікір алмасу өрістеді. Еліміздің дәрілік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және отандық фармацевтика субстанцияларының негізінде толық тізбекті өндірісті дамыту қажеттігіне ерекше назар аударылды.
«Ғылымды, инновацияны және жоғары технологиялық өндірісті дамыту – мемлекеттік саясаттың басты басымдығының бірі. Мемлекет басшысының стратегиялық бағыт-бағдарына «Фитохимия» орталығы мен Қарағанды фармацевтикалық зауытында жүргізіліп жатқан жұмыстар толық сәйкес келеді. Ғылым мен өндірістің осындай үйлесімі бүкіл елімізге үлгі болуы тиіс», - деп атап өтті Серік Өтешов.
Сенатор кездесулердің қорытындысы бойынша көтерілген мәселелер одан әрі пысықталатынын хабарлады. Сенат тарапынан тиімді заңнамалық реттеуді қамтамасыз етуге және саланы жан-жақты дамытуға қолдау көрсетуге дайын екені атап өтілді.