Cемей-7°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
504.76 593.8 6.5

Мәулен Әшімбаев жас параспортшы-боччистермен кездесті

Бүгін, 14:59 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев Федерация ұжымымен және параспортшылармен кездесті. Онда биыл атқарылған жұмыс қорытындыланып, алдағы міндеттер талқыланды.

Мәулен Әшімбаев кездесуге қатысушыларға ілтипат білдіріп, өткен жыл спорттық іс-шараларға толы болғанын және қазақстандық атлеттер жарқын жеңістерге қол жеткізгенін атап өтті. Бұл жетістік спортшылар мен жаттықтырушылардың үйлесімді жұмысының және отбасылар мен жанкүйерлердің қолдауының нәтижесі екені айтылды.

«Өтіп бара жатқан 2025 жыл отандық бочча үшін нәтижелі болды және елімізде бұл спорттың дамуына серпін берген жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Қазақстанда алғаш рет Astana World Boccia Challenger халықаралық турнирі ұйымдастырылды. Бұл еліміздің параспорт тарихындағы ең маңызды оқиғалардың бірі болды. Сондай-ақ параатлеттеріміз халықаралық жарыстарда топ жарып, жүлдеге ілікті. Спортшыларымыздың жігері мен табандылығының арқасында қазір Қазақстан құрамасы боччадан әлемдік рейтингте 18-орында тұр. Ал, Орталық Азияда абсолютті көшбасшымыз. Бұл жетістікте боччаны серік еткен әрқайсыңыздың үлесіңіз бар. Біз сіздерді мақтан тұтамыз және қолдауды жалғастыра береміз. Алдымызда өңірлерде боччаны дамыту, жаңа жарыстар, оның ішінде елімізде боччадан Әлем кубогы жолындағы сайыс өткізу, Қазақстанның әлемдік рейтингтегі позициясын одан әрі нығайту сияқты жаңа міндеттер тұр», – деп, Сенат Төрағасы спортшыларға, жаттықтырушыларға, ата-аналарға және жанкүйерлерге алғыс білдірді.

Мәулен Әшімбаев атап өткендей, Мемлекет басшысы елімізде мүгедектігі бар азаматтар үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыруға үнемі баса мән беріп келеді. Бұл бағытта кешенді реформалар іске асырылып, мүдделі тараптармен жүйелі жұмыс жүргізілуде. Инклюзивті қоғам құру жолындағы осындай өзара іс-қимылдың маңызды жетістіктері мен нәтижелерінің бірі Астанада Инклюзивті спорт орталығының ашылуы екені сөзсіз. Жаңа кешен ерекше қажеттілігі бар балаларға өз мүмкіндігін жүзеге асырып, жаңа достар табуға ықпал етеді және ортаға, ересек өмірге бейімделуге жол ашады.

«Мемлекет басшысының бастамасымен салынған Инклюзивті спорт орталығы жай спорт нысаны ғана емес. Бұл – тең мүмкіндіктер, даму, қарым-қатынас және өзара қолдау кеңістігі. Өткен аптада орталыққа Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев келді. Соның нәтижесінде еліміздің барлық өңірінде осындай инклюзивті спорт орталықтарын құру туралы тапсырма берілді. Бұл – біздер, яғни параспортшылар, ата-аналар, жаттықтырушылар, федерация мүшелері мен серіктестер үшін үлкен жетістік. Осы ретте сіздерге еліміздегі инклюзивті спортты дамытуға қосқан үлестеріңіз бен қажырлы еңбектеріңіз үшін тағы да алғыс айтамын. Баршаңызды Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Келе жатқан 2026 жыл елімізге жаңа жетістіктер мен жеңістер әкелсін», – деді Сенат Төрағасы.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив