Уран өндірісінде әлемде көш бастаған елдің бірде-бір АЭС салмауы ақылға қонбайды - Тоқаев
Еліміз жер қойнауында сирек кездесетін минералдар қоры бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына қосылуы әбден мүмкін. Бұл туралы «Turkistan» газетіне сұхбат берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
– Сенімді энергия көзі болмаса, Қазақстан экономиканың жаңа технологиялық үлгісіне көше алмайтынын түсінуіміз керек. Суперкомпьютерлерге, дата-орталықтар мен автоматтандырылған өндіріс кешендеріне өте көп энергия қажет. Бұл – жаңа жаһандық технологиялық құрылыстың басты талабы. Қуат көздерін салу үшін білікті мамандар керек. Капитал қоры шамамен 4,5 триллион доллар болатын әлемдегі ең ірі компания – NVIDIA-ның басшысы жақында «көк жағалылар», яғни техникалық мамандық иелері мультимиллионерлер қатарына қосылады деп болжам жасады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пайымынша, бірнеше атом станциясын салу – біріншіден, тарихи олқылықтың орнын толтыру деген сөз. Себебі уран өндірісі бойынша әлемде көш бастап тұрған елдің бірде-бір атом электр станциясын салмауы мүлдем ақылға қонбайды. Екіншіден, бұл қадам Қазақстанның абырой-беделін нығайта түседі.
– Біз атом станцияларын салу арқылы техникалық интеллигенцияның жаңа буынын қалыптастырамыз. Тиісінше, мемлекеттік саясаттың түпкі мәнін өзгертеміз. Осыны қаперден шығармаған жөн, - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бір өте маңызды тақырып – жер қойнауында сирек кездесетін металдарға да тоқталды.
- Болашақта ондай материалдарға деген сұраныс арта береді, алдағы бес жылдың өзінде бұл сұраныс екі есе өседі. Осы ретте, Қазақстан үшін тағы бір мүмкіндік ашылады. Еліміз жер қойнауында сирек кездесетін минералдар қоры бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына қосылуы әбден мүмкін. Қазақстан стратегиялық маңызы бар осы саладағы өз рөлін күшейту үшін АҚШ, Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея, Жапония елдерімен және Еуропа Одағының бірқатар мемлекетімен ынтымақтастығын дамыта бастады, - деді Президент.
Тағыда оқыңыз
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: ҚАЗАҚСТАН ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНЕ ҚАДАМ БАСТЫМемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына ЖолдауыМемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу»Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзіҚасым-Жомарт Тоқаев: «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту»